БТА-банкінің экс-басшысы Әблязов 20 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Үкімді Алматы қалалық Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты шығарды.
БТА-банкінің экс-басшысы Әблязов 20 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Үкімді Алматы қалалық Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты шығарды.
Бас бостандығынан айырумен қатар оның мүлкін тәркілеу және 300 АЕК көлемінде айыппұл салу, сондай-ақ, банктерде қызмет етуге 3 жылға тыйым салу жазасы тағайындалды. Ол барынша қауіпсіздендірілген жаза өтеу мекемесінде өтеуі тиіс. Айта кетейік, Әблязовтің өзі процеске қатыспады, оның мүддесін мемлекеттік қорғаушы қорғады.
БТА басқарма төрағасының экс-орынбасары Сәдуақас Мәмеш 5 жылға шартты түрде сотталып, банк ұйымдарында қызмет ету құқығынан 3 жылға айырылды. Айта кетейік, Мәмеш өз кінәсін сотта толықтай мойындаған.
Басқарма төрағасының бірінші орынбасары - Кредит комитетінің төрағасы Жақсылық Жарымбетовті сот 5 жылға шартты түрде соттауға үкім кесті. Мұнымен қатар, ол банк ұйымдарында қызмет ету құқығынан 3 жылға айырылды. Ол да қылмысын толықтай мойындаған.
Кінәсін ішінара мойындаған кредиттеу жөніндегі директор Қайрат Садықов 15 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Оған 300 АЕК көлемінде айыппұл салынды және банк ұйымдарында қызмет ету құқығынан 3 жылға айырылды.
Айта кетсек, 2017 жылдың 24 мамырында Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында БТА Банкіндегі қаражат жымқыру ісі бойынша сот отырысы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мұхтар Әблязовті 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
"Әблязов Мұхтар Кабылұлы - Қазақстан Республикасының азаматы, 1963 жылдың 16 мамырында дүниеге келген, Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, осыған дейін сотты болған. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 263-бабының 4-бөлігі бойынша - "Қылмыстық қоғамдастық құру және оған басшылық ету, сол сияқты оған қатысу", 176-баптың 3-бөлігі бойынша - "Тыңшылық", 220-баптың 1-бөлігі бойынша - "Облигацияларды орналастырудан алынған ақшаны мақсатсыз пайдалану", ҚР Қылмыстық кодексінің 228-бабы бойынша - "Бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу қағидаларын бұзу". Әблязовтің мүлкін тәркілеп, оны 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраймын", - деген еді прокурор.
Осыған дейін БТА банкі басқармасының бұрынғы төрағасы Сәдуақас Мәмештің өзіне тағылған айыптарды толықтай мойындағаны хабарланған болатын. "Маған тағылған айыптардың барлығын мойындаймын және істеген ісіме өкінемін", - деген еді ол.
Сотталушы ретінде БТА банкінің бұрынғы топ-менеджерлері қарастырылды. Олар - басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмеш, басқарма төрағасының бірінші орынбасары - кредит комитетінің төрағасы Жақсылық Жарымбетов, кредиттеу бойынша директор Қайрат Садықов. Мәмеш пен Садықов сотта өз кінәсін ішінара мойындаса, Жарымбетов толықтай мойындап отыр.
Еске салайық, Әблязов қылмыстық топ құрды және оған басшылық етті, БТА банкінің қаражатын жымқырды және оларды заңдастырды, банк қаражатын заңсыз қолданды және өкілеттігін теріс пайдаланды деп айыпталып жатыр.