Кейбіреулер жеке яхтаны армандап жүргенде, Солтүстік Қазақстан облысының 77 жастағы тұрғыны оны өз қолымен жасап алды. Аймақтан тыс жерлерге мұз айдыны арқылы танымал болған зейнеткер Юрий Краснопер енді өзінің демалыс базасында өзен серуендерін ұйымдастырып жүр, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Кейбіреулер жеке яхтаны армандап жүргенде, Солтүстік Қазақстан облысының 77 жастағы тұрғыны оны өз қолымен жасап алды. Аймақтан тыс жерлерге мұз айдыны арқылы танымал болған зейнеткер Юрий Краснопер енді өзінің демалыс базасында өзен серуендерін ұйымдастырып жүр, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Әр қыс сайын үйінің жанында аймақтағы ең ұзын мұз сырғанағын өз бетінше жасайтын Юрий Краснопер жүзбелі демалыс базасын салып шықты.
"Адамдарға жақсылық жасау керек", - деп түсіндірді 77 жастағы қажымас зейнеткер өзінің жаңа туындысы туралы. Ал қасынан өтіп бара жатқан ғажайып база мен оның капитанына қуана қол бұлғаған жандардың күлкісін көргенде, мейірімді жанның тағы бір ізгі мақсаты орындалғанын түсінесің.
Өткен қыста біз Краснопердің танымал сырғанағында желмен жарыса сырғанаған едік.
“Жақсылық әрқашан жалғасын табады“. Қазақстандық азамат балалар телефонды ұмытатын орын жасады
Бұл жолы Tengrinews.kz тілшісі жаңа жүзбелі базамен су үстінде саяхатқа шығып, оның авторымен тілдесіп қайтты.
Самаурын жанында мен және менің Машам
Біз Бескөл ауылына жексенбі күні келдік. Зейнеткер үйде болмай шықты, сондықтан біз қыста Юрий Краснопер бүкіл Қазақстанға танымал сырғанағын орнататын ескі арнаның жағалауына бет алдық. Бұл күндері мұнда ондаған ауыл тұрғыны демалып жатыр – бірі шомылса, бірі күнге қыздырынып жатыр.

"Юрий Адамовичті көрмедіңіздер ме?" – деп сұрадық бір топ жігіттен.
"Көрдік, - деп күлді олар. – Оны қарттық үйде ұстай алмас... Жаңа ғана әжейімен бірге өз кемесімен жүзіп кетті".
"Теңізшілерді" көп күтудің қажеті болмады. Шамамен он минуттан кейін көкжиектен Юрий Адамович басқарған ерекше өзен кемесі көрінді.

Жанында – оның адал серігі Мария Петровна. Оларға қол бұлғап, пирске қарай жүгірдік. Айта кетейік, пирсті де зейнеткер өз қолымен жасаған. Кеме ептілікпен бұрылып, айлаққа тоқтады.
"Келгендерің жақсы болды, - деп қарсы алды бізді Юрий Адамович пен Мария Петровна. – Дәл уақытында келдіңіздер, менің жаңа құрылғыммен серуендеп қайтасыздар".

- Сізді Юрий Адамович күн сайын қыдырта ма? – деп сұрадық кеме құрастырушының жарынан.
"Әрине! Судың беті тамаша, қазір күн ыстық болғанымен, судан соққан лебіз жанға сая болады, - дейді Мария Петровна. - Кешті де осында өткіземіз... Кешкі асымызды ішеміз, Юра отынмен самаурын жағады. Айнала толған сұлулық! Бақыт деген осы емес пе?"

"Мен саған уәде бергенмін ғой, - деп әңгімеге Юрий Адамович араласты. – Біз әлі жас кезімізде, осы жағалаудың қасынан ағаш қайықпен жүзіп өтетінбіз. Ол кезде мұнда қоқыс үйіліп жататын, ал мен Марья Петровнаға: "Осы жерде біздің үйіміз болады. Жазда кешкісін осында "яхтамен" жүзіп, табиғатты тамашалайтын боламыз" дейтінмін. Үйді үш жылдан кейін салып бітірдім, ал "яхтаға" сәл көбірек уақыт кетті".
Ерлі-зайыптының отасқанына 52 жыл болды.

Мұңаймау керек
Саяхатқа аттандық. Шынымен де – бақыт... Өзеннен ескен таза ауа, тыныштандыратын толқындар, ал айналада – солтүстікқазақстандық табиғаттың әсемдігі, әрбір сәтін кенепке түсіргің немесе кем дегенде суретке түсіріп алғың келеді.

Жүзбелі база өзен ортасында еркін қалқып жүргенде, өмір туралы әңгімелестік...

Юрий Адамович Солтүстік Қазақстанда, Қызылжар ауданының Боголюбово ауылында дүниеге келген. Целиноградтағы (қазіргі Астана) қаржы академиясын бітіргеннен кейін оны осында, Бескөлге жіберген. Содан бері осы жерде тұрақтап қалды. 1973 жылдан бастап мемлекеттік кірістер қызметінде жұмыс істеп, ұзақ жылдар бойы осы ведомствоны басқарды.
Ескі арна жағасында құрылыс бастағанда, бұл жер нағыз қоқыс алаңы болатын. Болашақ иесі ең алдымен үй мен шаруашылық құрылыстар үшін орынды тазалап алды. Үй дайын болған соң, уақыт өте келе жағалаудың көршілес учаскелерін де ретке келтірді.
Өмір өз ағысымен өтіп жатты – ұлы мен қызы дүниеге келіп, ер жетті, өз отбасын құрып, жан-жаққа кеткен. Юрий Адамович пен Мария Петровна жұмыс істеп, тұрмыстарын түзеді. Өмірде неше түрлі жағдайлар болды, қиындықтар да аз болмады. Бірақ қажымас оптимист Юрий Адамович ешқашан мойымаған.

Тіпті 2007 жылы оның үйін өртеп жібергенде де – әдемі жағалаудағы учаскесі біреулер үшін тым тартымды болса керек. Бірақ үйі өртенген жан күйік орталығында жатқанның өзінде, болашақ үйінің сызбалары мен жоспарын дайындап қойған еді – ол бұрынғысынан да үлкен әрі әдемі болды. Бұрынғы орнына жаңа үйді ол бір жаздың ішінде тұрғызды.
"Басқаша қалай болсын? Өмір жалғасады. Мұңаймау керек!" – дейді Юрий Краснопер біздің таңданысымызға жауап ретінде.
Краснопердің мұз айдыны
Юрий Адамович зейнетке шығып, бос уақыты көбейгенде, өзінің ерекше сырғанағын сала бастады. Міне, оны салып жүргеніне он жылға жуық уақыт болды.
"Алдымен үлкен сырғанақты жай ғана қардан жасадым. Бірақ оның үстімен қарда жүретін көлікпен өтіп, бұзып кетіпті. Қатты ренжідім, түнде ұйықтай алмай, балалар енді қайда сырғанайды деп уайымдадым, сосын оянып, іске кірістім", - деп еске алады Юрий Адамович.
Сол күні-ақ тақтай тауып, одан сырғанақ құрастырды, содан кейін үстіне су құйып, мұзды айнадай жарқыратып теп-тегіс етіп шықты. Сырғанақ жұрттың көңілінен шыққаны соншалық, оның атағы бүкіл елге жайылды.

Краснопердің сырғанағына тек көрші ауылдар мен Петропавлдан ғана емес, Қазақстанның өзге қалаларынан да ағылып келеді. Мұнда ресейліктер, немістер, тіпті Еуропа, Канада мен Аустралиядан келген қонақтар да болып тұрады!
Юрий Адамович жыл сайын мұз қалашығын жетілдіріп, жаңа дүниелер қосып отырады. Басында мұнда бір ғана сырғанақ болса, кейін келушілер ұзын-сонар кезекте тұрмауы үшін екінші жолақ пайда болды. Содан соң құрылысшы қар мен желден қорғайтын қалқа жасап, коньки тебуді ұнататындар үшін үлкен мұз айдынын құйды. Бірте-бірте шам бағаналарын орнатты, қазір сырғанақ пен мұз айдыны жарқырап тұр, ал жан-жаққа ілінген гирляндалар мен колонкалардан шыққан әуен мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

Арғы жылы адамдарға қолайлы болуы үшін биоәжетхана сатып алып, орнатты. Тазалық сақталуы үшін қоқыс контейнерін қойды. Адамдар тамақтанып, ыстық шай ішуі үшін үстелдер де жасалған. Мұның бәрін зейнеткер өз қаражатына жасайды, бір маусымда қомақты сома жұмсалады.
Таныстары, тіпті бейтаныс жандар да Юрий Адамовичке демалушылардан "қосымша қызметтер" үшін ақы алуға жиі кеңес береді.
Бірақ зейнеткер әрдайым былай деп жауап береді: "Жігіттер, сендер кімді үйретпексіңдер? Қаржыгерді үйретпексіңдер ме?! Бұл ақша деген не тәйірі?! Бір сәтте өмір тоқтайды, сонда ақша мен құндылықтардың еш қажеті болмай қалады. Оны о дүниеге өзіңмен бірге алып кете алмайсың ғой! Тек ақша мен пайданы ойлайтын адамдардың соңы жақсы болмайды. Адамдарға жақсылық жасау керек, ол әрқашан жақсылық болып қайтады! Мен балаға қуаныш сыйласам, ол балалық пәктігімен келіп: "ата, рақмет" дейді - міне, нағыз құндылық осы, анау қағаздар емес. Марья Петровна екеуміздің зейнетақымыз жақсы, еңбекпен таптық. Сондықтан бізге өзгенің ақшасы керек емес. Бізге керегі - қимылдау, қозғалыста болу, жақсылық жасап, адамдарға қуаныш сыйлау!"

Краснопер мұның бәрін артығымен орындап жүр! Таң атқаннан күн батқанша тыным таппайды: жасының егде тартқанына қарамастан, қарды тазалап, мұз құйып, оны тегістейді, су құйғыштар мен шлангілерді тік жағаға арлы-берлі тасумен болады...
Бірақ "Шаршамайсыз ба?" деген сұраққа әзілкеш қария: "Арақ ішу қиын, ал жұмыс істеу қиын емес! Мұнда аяздан беттері қызарған көңілді адамдардың бірнеше метрге созылған кезегі тұрғанда, айналадағы көшелердің бәрі көлікке толғанда, жан-жақтан адамдар сырғанау үшін ағылып келіп жатқанда, мен содан ләззат пен қуаныш аламын, бойыма күш-қуат пен денсаулық жинаймын!" - деп жауап береді.
Жазғы арман
Қыстан кейін көктем келеді. Зейнеткер сырғанақты бөлшектеп, келесі қысқа дейін гаражға жинап қояды.
Юрий Краснопердің көптен бергі арманы - адамдарға тек қыста ғана емес, жазда да қуаныш сыйлау. Ол үшін өзен арнасының жағасында жақсы, заманауи, ең бастысы, қауіпсіз жағажай жабдықтағысы келеді.
"Біздің Бескөлде шомылатын жер жоқ. Ауыл үлкен, өзеннің бойында орныққан, бірақ шомылатын жер жоқ! Бірде-бір рұқсат етілген, жабдықталған жағажай қарастырылмаған. Адамдарға Петропавлдағы Пёстрое көліне баруды ұсынады... Парадокс емес пе?! - дейді Юрий Адамович иығын қиқаң еткізіп. - Осы жағалауда барлығына жайлы әрі ыңғайлы болатындай тамаша шомылу орнын жасауға болады... 2024 жылы тасқын су жағаны шайып кеткенде, мен мұнда топырақ пен құм әкеліп, жағалауды бекіткенмін. Кейін тағы таза құм әкеліп, түбін тазалап, жақсы көпірше орнатып, адамдар жалаң жерде емес, өркениетті түрде демалуы үшін қолшатырлар мен жаттықтар қойғым келеді. Бұл Бескөлдегі балалар мен ересектер қауіпсіз демала алатын жалғыз орын болады. Адамдарға жақсы болсын деймін".

Адамдарға жақсылық жасап, өз күшімен және өз қаражатына жағажай тұрғызу үшін Юрий Краснопер жерді халыққа қайтару мақсатымен талай жылдан бері табалдырық тоздырып келеді.
"Бескөл ауылдық округінің әкімі 2017 жылы-ақ осы жағалауды да, көшенің бір бөлігін де, тіпті менің үйім тұрған жерді де жеке меншікке беріп жіберген... Түсінесіз бе, жағалаудағы жер өте тартымды, демалыс орнын немесе мейрамхана салуға болады, сондықтан "қожайындар" да тез табыла кеткен. Бірақ! Өзен арнасының жағасы, жолдың бір бөлігі - бұл ортақ пайдаланылатын орын, сондықтан заң бойынша бұл жерде ешқандай жеке телімдер, ешқандай қосалқы шаруашылықтар болмауы тиіс. Мұнда халық демалуы керек", - дейді Юрий Адамович.
2022 жылы ол Қызылжар аудандық сотына жер телімін беру туралы шешімнің күшін жою туралы талап арыз түсірді. Сот шешімімен даулы жер телімі ортақ пайдаланылатын жер деп танылып, ауылдық округ әкімінің осы жер теліміне жеке меншік құқығын беру туралы шешімі заңсыз деп танылды және күші жойылды. Іс барлық сатылардан өтті, бірақ арада төрт жыл өтсе де, заңсыздықтар әлі жойылған жоқ, ал жер ауыл тұрғындарының ортақ пайдалануына әлі қайтарылған жоқ...

Әлем сәл де болса жақсара түссін деп...
Әзірге Юрий Адамович жағажай жасау жұмысына кірісе алмай отырса да, ол қол қусырып отырған жоқ, өзінің ізгі идеялары мен жоспарларын жүзеге асыруды жалғастыруда.

"Осыдан үш апта бұрын жүзбелі база құрастырдым. Негізіне 14 пластик бөшке пайдаланылды... Бұл ойымда жүргелі көп болған, бірақ қол тимей жүрген еді. Өз тұйық көшемде "кемемді" жинадым: материалдарын сатып алдым, дәнекерлеу жұмыстарын істеп, тақтайларын шегеледім, қалқасын жасап, бәрін байланыстырып, бекіттім, соңынан қайық моторын орнаттым... Өткен-кеткен адамдар Краснопердің тағы не бастап жатқанына таңғалып қарап жүретін. Дайын болған кезде базаны суға кранмен түсірдік. Міне, енді рахатымызға қарай жүзіп жүрміз. Мұнда музыка, жарық, самаурын, кәуап - бәрі бар, демалуға қажеттінің бәрін жабдықтадым", - дейді зейнеткер.

Жағалаудан өтіп бара жатқанымызда адамдар бізге қол бұлғап, жымиып қарап қалады...
Юрий Адамович серуендегісі келетіндердің көп екенін, бірақ құзырлы органдар тарапынан ешқандай ескерту болмауы үшін әзірге бейтаныс адамдарды мінгізбейтінін айтады. Қазірше жүзбелі базада тек жақындары - достары, туыстары мен таныстары ғана демала алады.

Жақында Юрий Адамовичке таныс зейнеткер-белсенділер, содан кейін немерелері қонаққа келеді, олардың бәрін өзен бойымен қызықты саяхат күтіп тұр. Ал жағажай ашылған кезде, мүмкін, адам тасуға рұқсат алып қалар, сол кезде ниет білдіргендердің бәрі осы ғажайып кемемен жүзе алады. Әрине, тегін.
"Балалардың қуанышында шек болмайтын шығар..." - деп жымиды қария.
Өзендегі саяхат барысында әңгімемен уақыттың қалай өткенін де байқамай қалыппыз. Айлаққа жақындадық. Юрий Адамович жастарша ширақ қимылдап, суға секіріп түсті де, өзінің "жүзбелі кемесін" арнайы бекіткіштерге мықтап байлап, "тұраққа" қойды.
Бізді Мария Петровна қарсы алды.
– Осындай тынымсыз жарыңызбен тұру қалай екен? – деп сұрадық қоштасарда.

"Керемет! – дейді Юрий Краснопердің адал жары жымиып. – Ол сенімді, ашық, дана әрі өте мейірімді адам. Оған көмектеспесе де, тым болмаса жақсы істеріне кедергі жасамаса екен деймін. Адамның бұл әлемді сәл де болса мейірімді әрі жақсырақ еткісі келгенінің несі жаман?"
Фото: Елена Бережная