Конституциялық сотқа "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекстің 37-бабы 3-тармағын тексеру туралы өтініш түсті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
Өтініш иесі бұрынғы жұбайымен мүлікті бөлуге қатысты сот шешімдеріне дау айтқан. Оның пікірінше, өзі тұрып жатқан пәтердегі үлесінен айырылған, ал өзінде қалған жер учаскесі өмір сүруге жарамсыз. Осыған байланысты ол тұрғын үйге қолсұғылмаушылық және меншік құқығының бұзылғанын алға тартқан.
Сот түсіндірмесі
Конституциялық сот Кодекс нормаларының өзі мүлікті бөлу тәртібін реттейтінін және сот арқылы қорғалу құқығын шектемейтінін түсіндірді. Өтініш иесінің дауы барлық сот сатысында кезең-кезеңімен қаралған.
"Мүлікті бөлу кезінде тараптардың, оның ішінде балалардың мүдделері ескеріліп, әділдік қағыдаттары қолданылған", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Сот мәліметінше, өтініш иесінің негізгі уәжі соттардың мүлікті бөлу тәсілімен келіспеуіне негізделген.
"Алайда мұндай уәждер норманың мазмұнына емес, нақты сот шешімдерін бағалауға жатады", - деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Конституциялық сот сот актілерін қайта қарау және мүлікті бөлуді бағалау мәселелері оның өкілеттіктеріне кірмейтінін атап өтті.
Тағы оқыңыз: Қазақстандық бас прокурордың қабылдауына кіре алмай, Конституциялық сотқа жүгінді