1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Ақтөбе облысы әкімінің бұрынғы орынбасары 12 жылға сотталды30 қыркүйек 2020, 12:32

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Ақтөбе облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Мамуновқа қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды "Наша Газета".

Ол Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша - алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті жария еткені (жылыстатқаны) және пара беруге итермелегені үшін айыпталды.

Экс-шенеунік Қостанайдың экс-әкімі Ахмедбек Ахметжановтың туыстарынан 1,2 миллион долларды заңсыз алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Айыптау қорытындысына сәйкес, Мамунов бұл ақшаны алып, 2016 жылы аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін сотталған Ахметжановқа үкімді жеңілдету туралы келісімге уәде берді. Алайда Мамунов оған Қостанайдың бұрынғы әкімінің әйелі мен ағасы берген ақшаны Нұр-Сұлтанда екі Lexus автокөлігі мен 2 бөлмелі пәтер сатып алуға жұмсаған.

"Руслан Мамунов кінәлі деп танылып, оған орташа қауіпсіз колонияда жазасын өтей отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", - деп оқыды үкімді Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы Әділхан Шайхисламов.

"Мені үйге жіберіңіздер". Ақтөбе облысы әкімінің бұрынғы орынбасары сот алдында жауап берді

Сондай-ақ, сот қылмыстық жолмен алынған ақшаға сатып алынған мүлікті тәркілеу туралы шешім қабылдады. Бұл 2016 жылы шығарылған Lexus-NX-200 маркалы және 2017 жылы шығарылған Lexus-LX-570 маркалы автомобиль және Колдаяков көшесінде орналасқан 2 бөлмелі пәтер.

Судьяның айтуынша, Руслан Мамунов бастапқыда ҚР Қылмыстық кодексінің төрт бабы бойынша айыпталған.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ және ол жария етілген күннен бастап 15 күн ішінде шағым жасалуы мүмкін.

Руслан Мамунов 2019 жылдың қарашасында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған болатын. 2020 жылдың ақпан айының соңында әлеуметтік желіде шенеуніктің ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Алайда ол мұны жоққа шығарған еді. 

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!