Кеңқияқ ауылында қайғылы жағдай болды. Бала үйінен мектепке шығып кеткенімен, сабаққа бармаған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мән-жайы
Темір ауданының Кеңқияқ ауылында 6-сынып оқушысы өлі табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім өз үйінің ауласындағы қоражайдан табылған. Қайғылы оқиға 21 сәуірде болғаны хабарланды. Бүгін мектеп оқушысы жерленді.
Оқушы толыққанды отбасыда тәрбиеленген және төрт ұлдың екіншісі екені белгілі болды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 21 сәуірде түскі сағат 12-лер шамасында ол туыстарына мектепке бара жатқанын айтқан, бірақ сабаққа бармаған.
"Ол менің немереммен бір сыныпта оқитын. Сабақ сағат 14:00-де басталады, бірақ бала үйден шамамен сағат 12-лерде шығып кеткен. Мектепке келмеген соң, мұғалім оны іздеп, ата-анасына хабарласқан. Кешке дейін баланы бүкіл маңайдан іздедік, кейінірек үйінің ауласындағы қорадан тапты", - деді Кеңқияқ ауылының тұрғыны Ардақ.
Сондай-ақ ол - Кеңқияқ мектебінің қамқоршылық кеңесінің төрайымы.
Білім бөлімі
Темір аудандық білім бөлімі осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Қазіргі уақытта жан-жақты тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Мектеп тарапынан ішкі қызметтік тергеу басталды", - деп хабарлады бізге.
Кеңқияқта 1296 оқушы білім алатын бір мектеп жұмыс істейді. Ақтөбе облыстық білім басқармасы қосымша ақпарат тексеру қорытындысы бойынша берілетінін мәлімдеді.
Полиция не дейді?
Ақтөбе облыстық Полиция департаменті тергеу Қылмыстық кодекстің 105-бабы "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бойынша жүргізіліп жатқанын нақтылады.
Буллинг. Қазақстан бойынша статистика
Бұған дейін Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 2025 жылы "111" қызметіне балалардан 124 461 өтініш түскенін хабарлаған болатын:
"Оның 2 501-і телефон қоңырауы арқылы, ал 121 960-ы QR-кодтар арқылы мәтіндік хабарлама түрінде келген. Нәтижесінде 3 955 балаға психологиялық қолдау көрсетілді, 1 814 өтініш мемлекеттік органдардың қатысуымен шешілді, 108 мыңнан аса өтініш берушіге анықтамалық ақпарат берілді", – деп жауап берді комитет редакцияның ресми сауалына.
Сонымен қатар, ресми деректер бойынша, өңірлік психологиялық қолдау орталықтары 30 мыңға жуық адамға көмектескен, оның 23 мыңнан астамы – балалар.
2022 жылдан бастап заңнамаға "буллинг" және "кибербуллинг" ұғымдары енгізілді, ал 2024 жылғы 16 маусымнан бастап кәмелетке толмағандарды қорлағаны (әлімжеттік жасағаны) үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді (ӘҚБтК-нің 127-2-бабы).
2025 жылы 438 әкімшілік іс тіркеліп, оның ішінде 272 адам буллинг үшін жауапкершілікке тартылған.