Әл-Фараби даңғылындағы адам өліміне әкеп соқтырған жол апаты Қазнетте бірнеше аптадан бері талқыланып жатыр. Әлеуметтік желілерде қираған Zeekr электрмобилінің жаңа кадрлары пайда болды. Алматы Полиция департаменті көліктің қазір қайда екенін айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылында Zeekr автокөлігі асқан жылдамдықпен қарсы бетке шығып кетіп, Mercedes-ке соғылды, салдарынан үш адам қаза тапты.
Алматылықтар жол апатына күдіктінің көлігін қаланың айып тұрақтарының бірінен байқап қалған.
Алматы Полиция департаменті дерегі бойынша, жол апатынан кейін көлік арнайы айып тұрағына қойылған. Ведомство мәліметінше, көлік құралы жол апаты тіркелген сәттен бастап сонда тұр.
әл-Фарабидегі қайғылы оқиғаның хронологиясы
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыда ірі жол апаты болды: әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.
Mercedes маркалы көліктің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Жол апаты кезінде ол мас болған.
Оған қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Сонымен қатар мемлекеттік нөмір белгілері заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаментімен қылмыстық іс қозғады, бірнеше лауазымды адам қызметінен босатылды.
Ал 7 сәуірде жол апатына күдікті ауруханадан тергеу изоляторына ауыстырылғаны хабарланды.