15 желтоқсан 2021 16:30

Алаш арыстары дербес мемлекет құру үшін жанын пида етті - Президент

Жансая Қадыржанова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

akorda.kz akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында сөз сөйлеп, дербес мемлекет құруға атсалысқан тұлғалардың ерен еңбегі, Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктер туралы айтты,  - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында сөз сөйлеп, дербес мемлекет құруға атсалысқан тұлғалардың ерен еңбегі, Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктер туралы айтты,  - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Президент өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалағанын, сондай-ақ, оның ұлт мүддесін алға қойған саясаткер екенін айтты.

"Бүгінгі мерейлі мемлекетіміз – Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі, көзсіз ерлігінің жеңісі! Ол Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға ретінде әлем тарихынан мәңгі орын алады. Тұңғыш Президентіміз жаһан жұртының алдында ұлт мүддесін қорғай білген көреген саясаткер", - деді Президент.

Ол мемлекет құру оңай іс емес екенін, Тәуелсіз елдің шежіресі Тұңғыш Президент қолымен жазылғанын айтты.

"Мүлдем жаңа геосаяси ахуалда мемлекет құру оңай шаруа емес, нағыз көшбасшының ғана қолынан келетін іс. Ең күрделі, бұлыңғыр кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай дара тұлға тарих төріне шықты. Анығын айтқанда, Тәуелсіздік шежіресі Елбасының қолымен жазылды", - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік алғаннан бері келешекке қадам басып келе жатқанымызды айтты.

"Мыңжылдықтар тоғысатын тұста Азаттық туы көгімізде желбіреді. Ұлттың ең ұлы мұраты - Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сол сәттен бастап Қазақ елінің ұлы көші болашаққа бет түзеді. Халқымыз өз мемлекетін құруға кірісті. Бұл - тарихи әділдіктің орнауы", - деді Президент.

Оның айтуынша, Желтоқсан құрбандары Тәуелсіздікті бір табан жақындатты.

"Кешегі Желтоқсан қаһармандары Тәуелсіздікті бір табан жақындатқаны анық. Асқар тау алыстаған сайын асқақ көрінеді. Біздің бабаларымыз қазақтың дербес мемлекет құрып, еркін өмір сүруге құқылы екенін тарих алдында дәлелдеді" - деді Президент.

Сондай-ақ, Алаш арыстары мемлекет құруда өз жандарын пида еткенін айтты.

"Алаш арыстары дербес мемлекет құру үшін жанын пида етті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ел азаматтары майдан даласында ерлікпен шайқасты. Кеңес заманында зиялыларымыз тіліміз бен ділімізді сақтап қалу үшін аянбай еңбек етті" - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік алған 30 жылды үшке бөліп қарағанда, алғашқы он жылдық ел негізі қаланған кез екенін айтты.

"Тәуелсіздіктің 30 жылы біз үшін тұтас дәуірге бергісіз мерзім. Оны үш белеске бөліп қарастыруға болады. Әр онжылдық ғасырдың жүгін арқалап тұр. Алғашқы онжылдық – жаңа Қазақстанның негізін қалау кезеңі. Осы жылдарда мемлекеттік нышандарымыз белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты" - деді Президент.

Президент Тәуелсіздік алғаннан бері жеткен басты жетістіктерді атады.

"Төл теңгеміз айналымға қосылды. Айбынды Армиямыз құрылды. Ата Заңымыз қабылданды. Ана тілімізге мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Ата дініміз оралып, салт-дәстүріміз жаңғыртылды. Бірлігіміздің бастауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды" - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысып отыр.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.1   490.7   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети