Алматыда әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Дүйсенбі, 8 маусымда сотта айыпталушымен бірге қайғылы оқиғаның алдында кафеде болған таныстары жауап берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Куәгерлер не деді?
Алдымен П.-ның танысы куәлік етті. Оның айтуынша, ол сотталушыны бір жарым жылға жуық уақыттан бері таниды. Куәгер сол кеште П. болған компаниямен бірге кафеде отырғандарын айтты.
"Түнгі сағат бірлер шамасында үйге кетіп қалдым, өйткені таңертең жұмысқа баруым керек еді. Үстел үстінен ешқандай алкоголь көрген жоқпын", - деді куәгер.
Бұдан бөлек, қайғылы оқиға болған күні П.-ны алғаш рет көргенін айтқан жігіттен жауап алынды. Ол кездесуге ортақ досы шақырғанын нақтылады.
"Мен бұл кафеге түнгі сағат 01:30-да келдім. Досыммен бірге отырдым. Бізді жалпы таныстырды. Сөйлестім. Түнгі сағат үште шығып кеттім", - деді ол.
Куәгер компанияда алты адамдай болғанын айтты. Сонымен қатар ол сол кеште қандай ішімдіктер ішілгені туралы сұраққа жауап берді.
"Мен ішімдік ішкен жоқпын. Ашығын айтқанда, 1:30-да келіп, 3-те кетіп қалдым. Үстел үстінен алкогольді ішімдіктерді көрмедім. Олардың қарсы бетінде отырып, сөйлестім. Үстел өте үлкен болды. Танымайтын адамымды аңдып отырудың не мәні бар?" - деді ол.
Сотта куәгердің бұған дейін де жауап бергені еске салынып, одан болған жайттың егжей-тегжейін еске түсіруді сұрады.
Ер адамның айтуынша, кездесуден кейін оны жүргізушісі алып кеткен, өзі жолаушылар орнында болған. Сондай-ақ одан әл-Фараби даңғылындағы жол апатын қай сәтте көргені сұралды.
"Уақытын нақты айта аламын. Әл-Фарабимен келе жатып, жол апатын көрдім. П.-ның көлігін көрген жоқпын, Mercedes-ті көрдім. П.-ның апатқа ұшырағанын кейін білдім. Апат болған сәтті көргенім жоқ", - деп нақтылады ол.
Сондай-ақ куәгер ортақ үстелдің шотын кім төлегенін нақты айта алмады.
Виски көрдіңіз бе?
Сондай-ақ отырыс барысында жәбірленуші тараптың өкілі дәмханада компанияға берілген чектегі позицияларды оқып берді. Онда виски, текила, "Апероль" коктейльдері және вино көрсетілген.
Куәгерден үстел үстінде алкоголь, атап айтқанда 900 миллилитр көлеміндегі вискиді көрген-көрмегені қайта сұралды.
"Мен бұған дейін де жауап бергенмін. Шынымды айтсам, қазір есімде жоқ. Сусындарды көрген жоқпын, тек әртүрлі стақанды көрдім. Көз алдымда ішімдік құйылғанын көргенім жоқ. Олардың вискиге арналған немесе басқа стақан екенін байқамадым. Үстелде (мұндай заттарға - еск.) назар аудармадым", - деді ол.
Бұдан бөлек куәгер үстел үстінен текила, вино бөтелкелерін немесе сыра көрмегенін айтты. Сондай-ақ сот отырысы барысында оны алып кеткен жүргізушінің жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болды.
Куәгер кафеден бүкіл компания бір уақытта бірнеше көлікпен шыққанын жеткізді. Куәгердің жүргізушісі (болжам бойынша, ол сол күні алғашқы жұмыс күніне шыққан) қос тұтас сызықтан өтіп кетіп, соның салдарынан айыппұл арқалап, алты айға жүргізуші куәлігінен айырылған.
Куәгер жүргізушінің есімін есіне түсіре алмады және сол күннен кейін оның жұмыс істемегенін айтты.
"Жол ережесін өрескел бұзуға мүмкіндік беріп, сізге бәрін істеуге болады деген сезімді кім ұялатты?" - деп сұрады жәбірленуші тараптың өкілі куәгерден.
"Маған ешкім де бәрін істеуге болады дегенді ұялатқан жоқ. Жас болған соң мақтаншақтыққа салындым", - деп жауап берді ол.
Үшінші отбасы сотталушыны кешірді
Еске сала кетейік, бүгін сотта 2005 жылы туған қаза тапқан қыздың анасы да сөз сөйледі. Ол сотталушыны кешіргенін және оған ешқандай талап-арызы жоқ екенін мәлімдеді.Отырыс кезінде оның арызы оқылды:
"Жол-көлік оқиғасының ауыр салдарына және қызымның қазасына қарамастан, мен және менің жақын туыстарым А.П.-ны кешіреміз. Біз толық татуластық. Сотталушы кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінеді, кешірім сұрады. Келтірілген материалдық және моральдық шығынды толық көлемде өтеді, мұны біз растаймыз. Қазіргі уақытта менің және басқа туыстарымның А.П.-ға ешқандай материалдық немесе моральдық талабымыз жоқ. Сондай-ақ болашақта да болмайтынын растаймыз. Татуласу өз еркімізбен болды, оның салдары бізге түсіндірілді. Шешім саналы түрде қабылданды", – делінген арызда.
Қылмыстық істердің бірі тоқтатылды
Бұған дейін әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатына қатысты қылмыстық істердің бірі тоқтатылғаны белгілі болған еді. Тергеу барысында сотталушымен бірге қайғылы оқиғаның алдында уақыт өткізген компанияға қатысты материалдар жеке өндіріске бөлінгені хабарланды. Олар жалған түсінік берді деп күдіктелген болатын. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, алайда тергеуден кейін полиция қылмыс құрамы жоқ деген қорытындыға келіп, 2026 жылдың 28 мамырында істі тоқтатты. ІІМ бұл шешімнің заңдылығына түпкілікті бағаны прокуратура беретінін нақтылады.
Қаза болғандардың отбасы Zeekr жүргізушісіне шартты жаза сұрап отыр
1 маусымда Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты бойынша басты сот талқылауы басталды. Отырыста зардап шегушілер сөз сөйледі.
Сотта қаза болған екі адамның – Mercedes-тің 1996 жылғы жүргізушісі мен 2003 жылғы жолаушы қыздың туыстары сотталушымен татуласып, оған шартты жаза тағайындауды сұрады. Қаза болған қыздың анасы 100 миллион теңге талап арыз бермек болған өз өкілдерінің қызметінен де бас тартқан.
Фото © Tengrinews.kz
Айыпталушының өзі сотта кінәсін мойындайтынын мәлімдеді.
3 маусымда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Санжар Әділов Мәжілісте өткен брифингте түсініктеме беріп, тараптардың татуласуы жол апаты туралы істің нәтижесіне қалай әсер етуі мүмкін екенін түсіндірді. Оның айтуынша, тіпті жәбірленушілердің ұстанымы да айыпталушының қылмыстық жауапкершіліктен құтылуына жол бермейді.
Zeekr жүргізушісіне қандай айып тағылып отыр және оған қандай жаза тағайындалуы мүмкін?
Күдікті А. П. Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі "Алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" бойынша айыпталып отыр.
Айыптау актісі
Алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыды. Тергеу нұсқасы бойынша, сотталушы А. П., Zeekr 001 автокөлігінің иесі әрі жүргізушісі рөлге мас күйде отырған.
Сондай-ақ айыптау мәліметтеріне сәйкес, көлікте тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін 100 QR 02 нөмірі болған.
Жүргізушіге көлікті тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін мемлекеттік нөмірлермен басқаруға тыйым салынады. Алайда сотталушы әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірі тағылған Zeekr 001 көлігімен келе жатып, шамамен сағат 3:30-да белгіленген жылдамдық режимін сағатына 80 шақырымнан асырып жіберген және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қолданбаған. Осылайша ол жол қозғалысының басқа қатысушыларының өмірі мен денсаулығына үнемі қауіп төндірген. Меңдіқұлов көшесімен қиылыста сотталушы қарсы бетке шығып кетіп, әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Mercedes-Benz автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан", - деді прокурор.
Соқтығысу салдарынан оқиға орнында үш адам қаза тапты: Mercedes-тің 1996 жылы туған жүргізушісі, сондай-ақ оның 2003 және 2005 жылы туған екі жолаушысы.
Айыптау актісін оқу кезінде қаза тапқандардың туыстары көз жасына ерік берді.
Сотталушы қандай жылдамдықпен жүрген?
Сондай-ақ прокурор сотқа айыптаудың негізі болған ресми сараптамалардың қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, сотталушы жеңіл дәрежелі мас күйінде болған, ал соқтығысу алдында оның көлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырым болған.
Сотталушы өзіне тағылған айыптың мәнін түсінетінін мәлімдеп, БАҚ-та суреті мен анкеталық мәліметтерін жарияламауды сұрады. Сондай-ақ ол істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартты.
ҚР ІІМ видеосынан кадр
"Өз іс-әрекетімді ақтамаймын" – Zeekr жүргізушісі
Төрағалық етуші судья тараптардың басты сот талқылауын өткізу форматы туралы пікірін тыңдағаннан кейін, сотталушы А. П. қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, кешірім сұрады.
"Ешқандай сөз де, ешқандай іс-әрекет те жақындарыңызды қайтара алмайтынын түсінемін. Әр отбасына қаншалықты қайғы әкелгенімді білемін. Өз іс-әрекетімді ақтамаймын. Ештеңеге үміт артпаймын, ештеңеден дәметпеймін. Заңға сәйкес жазамды толық өтеуге дайынмын. Тек бостандыққа шығып, қолдан келгенше отбасыларыңызға көмектескім келеді. Өзімді кешірмеймін және сіздерді ұмытып кетпеймін. Кешіріңіздер", – деді ол.
Әл-Фараби даңғылындағы қайғылы оқиғадан кейін
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыда ірі жол апаты болды: әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.
Сонымен қатар мемлекеттік нөмір белгілері заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаментімен қылмыстық іс қозғады, бірнеше лауазымды адам қызметінен босатылды.
12 мамырда істі тергеу аяқталды. 28 мамырда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала тыңдау өтті.
Әлеуметтік желілерде жол апатына полиция қызметкері қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар пайда болды, содан кейін тексерулер мен қызметтік тергеулер басталды. ІІМ Алматы ПД-ның бірқатар басшысын қызметінен шеттетті, олардың бірінің жүргізушісі ұсталды.
Дау салдары
Осыдан кейін 26 наурызда ІІМ мәлімдеме жасады. Сондай-ақ министрдің бұйрығымен Алматы Полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Сондай-ақ ІІМ тергеудің жаңа мән-жайын хабарлады.
"Полиция департаменті басшылары бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қызметтік тексеру де, қылмыстық істер де аясында медиа кеңістікте таратылып жатқан ақпаратты қоса алғанда, барлық жағдай егжей-тегжейлі тексерілетін болады", - деп хабарлады бұған дейін департамент бастығы - ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Сондай-ақ ол мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілгені туралы уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғағанын атап өтті.
Тағы оқыңыз: Алматыда Әділетхан Молдаханға қатысты сот басталды: зардап шеккендердің арасында ПД бастығының бұрынғы орынбасары бар