Алматы әкімдігі мүгедектерге арналған пандусы бар Mercedes-Benz автобусын сынақтан өткізіп жатыр

16 Ақпан 2018, 16:45
0
Алматы әкімдігі мүгедектерге арналған пандусы бар Mercedes-Benz автобусын сынақтан өткізіп жатыр - © Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
© Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Немістің Daimler AG концерні Алматының тасымалдаушыларына газбен жүретін автобусты көлік бағытттарында тестен өткізуді ұсынды. Жұмыс сапары барысында мегаполис әкімі Бауыржан Байбек "Евро-6" экологиялық сыныпқа жататын Mercedes-Benz маркалы автобустарды көрді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл автобустың басты ерекшелігі, Daimler AG концерні ұтымды газ қозғалтқыштарын жасайтын әлемдегі жалғыз компания, ал қалғандарының барлығы газ қондырғыларын пайдаланады. Ұзындығы 12 метр төмен еденді автобус кондиционермен, пандуспен, инфрақызыл сәулелерді өткізбейтін әйнекпен жабдықталған, оның сыйымдылығы 100 жолаушыдан аса, дыбысы да төмен әрі жүрісі өте жоғары деңгейде.

"Тәуелсіздік жылдары қалада 20 автопарк жұмыс істегенімен, саланы дамытуға қаржы бөлінбеді, оның басым бөлігі көлеңкелі секторда болды, бірақ қазіргі кезде кемшіліктер жойылып, жауапкершіліктерін жете түсінетін компаниялардың қанат жаюына мүмкіндіктер жасалуда, жариялылық артуда. Mercedes-Benz маркалы көліктер барынша сапалы әрі бағасы да жоғары, қалалықтар тиісті сервис болса қоғамдық көлікті пайдалануға ниетті. Сондықтан экономикалық тұрғыдан алғанда компанияның болашағы бар", - деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Қазақстандағы Daimler AG концерні ресми дистрибьютерінің өкілі Андрей Кунах Алматыдағы жолаушылар тасымалына неміс өндірушілерінің қызығушылық танытқанын жеткізді.

"Компания қалада оң өзгерістер жасап жатыр, нарық барынша ашық бола бастады әрі қала әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілу үстінде", - деп атап өтті Андрей Кунах.

Газбен жүретін автобус үш ай бойына "Алматыэлектротранс" ЖШС қызмет көрсететін №12 бағытта және "Green Bus Company" ЖШС-тің бір бағытында жүреді.

"Осы маркадағы автобустар көптеген елде оң бағасын алды, өзгелерге қарағанда осы көлікті шығарушыларға ұзақ кепілдік беріліп жүр әрі бұлардың сервис қызметі де жақсы. Қазіргі кезде біз Алматы жағдайында автобустарды тестілеуден өткізіп, оның қорытындысы бойынша нақты шешім шығарамыз. Жылжымалы составты жаңартқан тасымалдаушыларға әкімдік тарапынан субсидия төленетінін, ал газбен жүретін көлік субсидиясы сомасының жоғары болатынын ескерсек, онда Mercedes маркалы автобустармен өз автопаркімізді жаңартуды негізгі нұсқалардың бірі деп білеміз", - деп атап өтті "Green Bus Company" ЖШС директоры Бауыржан Құлышев.

Еске салайық, Алматыда №12, 22, 50, 56, 65, 69, 70, 86, 95, 103, 112, 115, 124, 126, 127, 131, 137 бағыттары бойынша жаңа автобустар жолға шығып, №77 бағыт қайта жаңарып, №1 бағыт пен №201 магистраль бағыты ашылған еді. Көрші облыстан қалаға қосылған елді мекендерді көлікпен толық қамту үшін 10 бағыт ашылған болатын.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай