Қазгидромет Алматыда 18 қарашада қар жауып, тұман түсіп, көктайғақ болатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазгидромет Алматыда 18 қарашада қар жауып, тұман түсіп, көктайғақ болатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы әкімдігінде сағат 14.40-тан бастап қалада қар жауа бастағаны хабарланды. Қар жауғаннан бастап 191 құмшашқыш арқылы жолдарға тайғаққа қарсы материалдар себіледі. Қарды тазалауға барлығы 554 арнайы техника мен 1482 жұмысшы жұмылдырылды. Коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері жаяу жолдарды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, автотұрақтарды, жалпы пайдалану орындарын тазалайды.
Түнде 17-18 қарашада 491 арнайы техника, оның ішінде 183 құмшашқыш және 323 жұмысшы жұмылдырылады деп жоспарланып отыр.
Қазгидромет қызметі Қазақстанның оңтүстік облыстарында болған дауылға байланысты алматылықтардың үрейіне қатысты пікір білдірді. Синоптиктердің хабарлауынша, 18 қарашада Алматыда ауа райы бұлтты болады, түнде қар жауып, тұман түседі, көктайғақ болады. Солтүстік-батыстан соғатын жел секундына 3-8 метр жылдамдықпен соғады. Ауа температурасы түнде 2-4 градус, күндіз 0-2 градус аяз болады.
19 және 20 қарашада ауа райы жауын-шашынсыз болады, желдің екпіні секундына жеті метрге дейін жетеді.
Алматы облысы бойынша Қазгидромет тарапынан дауылды ескерту жарияланды. 18 қараша түнде және таңертең Алматы облысының шығысында тұман, көктайғақ болады. Түнде облыстың шығысында және таулы аудандарда солтүстік-батыстан секундына 15-20 метр жел соғады. Талдықорғанда 18 қарашада түнде солтүстік-батыстан жел соғады, екпіні секундына 15 метр болады.
Бұған дейін Жамбыл облысының полицейлері тасжолға шығып, боранды видеоға түсіргені хабарланды. Осылайша, тәртіп сақшылары жүргізушілерге аса қажет болмаған жағдайда жолға шықпау туралы ескерту жасауға тырысқан еді. Сондай-ақ, Жамбыл облысында жел салдарынан бірнеше елді мекенде газ құбырларына зақым келген еді. Баспасөз қызметі мәліметінше, екпіні күшті жел үйлердің қоршауларын ұшырып, ағаштарды құлатқан. Салдарынан көшедегі газ құбырлары бүлінген. Ал Түркістан облысында орналасқан Сарыағаш қаласының тұрғындарын бір күн бұрын жауған қоңыр түсті қар таңғалдырды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!