Алматыда колледжден ұрланған Айсель Байрамова үйіне оралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматыда колледжден ұрланған Айсель Байрамова үйіне оралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеше түнде қызды іздестіру шаралары жүргізілді. Полиция күдіктінің туыстарымен бірге жұмыс істеді, олардан қызды өз бетімен босатуға жігітті көндіру сұралды. 13 қараша күні таңертең қыз үйіне оралды.
"Қыз полицейлерге күдіктінің үстінен шағымдану туралы түсінік беруден бас тартты. Сонымен қатар, қазіргі таңда полицияның тергеу бөлімдері қылмыстық іс шеңберінде тиісті шараларды жүргізуді жалғастырып жатыр. ҚР ҚК 125-бабы бойынша, күдікті ұрланған адамды өз еркімен босатса және оның әрекеттерінде өзге қылмыс болмаса ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады", - деді баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әзірбек.
Еске сала кетейік, Алматыда қалыңдықты алып қашқандар бейнеленген видеоролик жарияланды. Оқиға 12 қараша күні Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжінде болған. "Қыз сол колледждің студенті. Оны қырғыздардың номері бар көліктегі жігіттер ұрлап әкетті", - делінген сипаттамада.
Оқу орнының басшысы Жарқын Жаниязованың айтуынша, ұрланған қалыңдықтың есімі - Айсель. Ол 17 жаста, бірінші курста оқиды. 12 қараша күні қызды оқу орнына оның ағасы жеткізіп салған. Қызды ұрлап әкеткеннен кейін студенттің ағасы ата-анасы мен полицияны шақыртты. Қалыңдық ұрланғаннан кейін "жедел ұстау" жоспары жарияланды. Осыдан кейін БАҚ Алматыда алып қашу құрбаны болған қыз бен оны ұрлады делінген жігіттің суретін жариялады. 17 жастағы Айсель Байрамованың туыстары тілшілерге қыздың бір апта бұрын басқа жігітке тұрмысқа шығару үшін құдаласып қойғандарын айтып берді. Туыстары бұл той жайлы бес жыл бұрын келісіп қойыпты. Ал үйлену тойын келесі жылы жасауға шешім шығарыпты, қыз сол кезде 18-ге толады екен.
Телеарна қызды Алматы тұрғыны Тахир Мамедовтың алып қашқанын хабарлады. Ол шамамен 22 жаста. Алдын ала мәлімет бойынша, ол қырғызстандық номері бар көлікпен жүреді. Ал Тахир Мамедовтың ағасы бұған дейін Айсельдің әпкесімен үйленіпті. Бірақ олар кейін ажырасып кеткен. Бір ай бұрын Тахир Айсельге сөз салған, бірақ қыз көнбепті. "Бермедік, себебі олар немере қарындасымызды, қызымызды алып, үш айдан кейін тастап кеткен", - дейді туыстары.