30 шілде 2021 09:47

Алматыда наразылыққа шыққан жедел жәрдем жүргізушілеріне бас дәрігер жауап берді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: ssmp-almaty.kz Фото: ssmp-almaty.kz

Алматы қаласының жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Ербол Сәрсенбаев жүргізушілер шағымын негізсіз деп отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Алматы қаласының жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Ербол Сәрсенбаев жүргізушілер шағымын негізсіз деп отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ербол Сәрсенбаевтың айтуынша, медициналық ұйымда 900 жүргізуші жұмыс істейді, олардың онға жуығы ғана наразылық білдірген. Қалғандары бас дәрігердің айтуынша, әріптестерінің әрекетін қолдамайды.

"Олар бірінші рет наразылыққа шығып тұрған жоқ. Наразылыққа шыққан сайын қойған талаптарын орындайтынбыз. Олар бұл жолы да БАҚ құралдарын шақырып, шу шығарсақ ойымыздағы болады деп отыр ғой. Бірақ, бұл шектен шыққандық", - дейді Ербол Сәрсенбаев.

Жедел жәрдем бас дәрігерінің айтуынша, жүргізушілердің талаптары негізсіз, ал баспасөзде айтқан шағымдары - жала.

"Олар айыппұлдарды алып тастауды талап етіпті, бірақ оларға ешкім айыппұл салған жоқ. Ауыр жарақатпен қоңырау шалған бала туралы айтқан жүргізуші жылдамдықты сағатына 115 шақырымға дейін асырған. Комиссия барысында осыны талқыладық, оған тек ауызша ескерту жасадық. Жүргізушіге бұл ұнамай оны әлеуметтік желілерге сала бастады және негізсіз талаптар қойды", - дейді ол.

Ербол Сәрсенбаев жол қозғалысы ережелерін ешкім алып тастамағанын және жүргізушілерге оны бұзуға мүмкіндік беру мүмкін емесін айтты.

"Аса қажет болған жағдайда рұқсат етілген жылдамдық сағатына 90 шақырым болатын бап бар. Бірақ біздің кейбір жүргізушілеріміз сағатына 150 шақырым жылдамдықпен жүреді. Бірақ айыппұл салынбайды. Кейбір жағдайларда әрине, біз жазалаймыз, сөгіс жариялаймыз. Біз кез келген арнайы көліктің осындай жылдамдықпен қозғалуына жол бере алмаймыз. Бұл мүмкін емес", - деді бас дәрігер.

Ол жылдамдық төтенше жағдайларды тудыратынын, биыл жедел жәрдем көліктері 37 рет апатқа ұшырағанын, оның 15-і медициналық ұйым жүргізушілерінің кінәсінен екенін айтты.

"Өліммен аяқталған екі ЖКО бар. Біреуінде науқас қайтыс болды, екіншісінде жаяу жүргінші. Біз осындай жағдай қайталануына жол бере алмаймыз", - дейді Ербол Сәрсенбаев.

Дәрігер жүргізушілердің көліктің сынуына байланысты ауысымды өтеу мүмкін еместігі туралы шағымын да атады. Ол автопаркте дәл осындай жағдайлар үшін қарастырылған резервтік көлік бар екенін айтты. Ал жүргізушілердің көліктерге қосалқы бөлшектерді өз есебінен сатып алуы туралы мәлімдемесін Ербол Сәрсенбаев жалған деп отыр.

"Бұрынғы директордың бұйрығы бойынша кез келген бөлшектерді сатып алуға қатаң тыйым салған. Барлық жүргізушілер онымен таныс. Сондықтан, қосалқы бөлшектерді сатып алдым деп айтатын жүргізушілердің сөздері шындыққа жанаспайды", - деді Ербол Сәрсенбаев.

Ол сондай-ақ, наразылыққа шыққан жүргізушілерді жұмыстан босатпайтынын, бірақ олардың қойған талаптарын жасауға да мүмкіндік бермейтінін айтты.

"Еңбек кодексі, еңбек шарты, кәсіподақпен ұжымдық шарт және қызметтік ақпаратты жарияламау туралы келісім бар. Барлық шартқа олар қолдарын қойды. Бізде заң қызметі бар, құрамына техникалық қызметкерлер - инженерлер, техниктер кіретін тәртіптік комиссия бар. Барлығын комиссия қарайды", - деп қорытындылады бас дәрігер.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жедел жәрдем жүргізушілері жол ережесін бұзуға байланысты салынған айыппұлды алып тастауды талап еткен болатын.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 449.57   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети