Алматыдағы Шығыс айналма автожолында ессіз күйде табылған баланың әкесінің туыстары мен көршілері тергеу мәліметіне сенбейтінін айтып, наразылық танытты. Осыған байланысты Алматы қалалық ІІД өкілдері жарияланған видеоға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, дау-дамай тоқтатылып, барлығы тарап кетті.
"Жағдайды түсінбеген. ІІД басшылығы сонда барып, наразылық танытып жатқандарға бар жағдайды түсіндіріп берді. Олар барлығын тыңдап, кейін тарады. Жиналғандардың тарапынан ешқандай ереже бұзушылық болған жоқ", - деді Салтанат Әзірбек.
Еске сала кетейік, осыған дейін Алматыдағы Шығыс айналма автожолында ессіз күйде табылған 4 жасар Мұхамад Асқароғлыны өз әкесі таспен ұрғаны анықталған еді. Баланың әкесі Мұрат Асқароғлы бұл қылмысты өзі жасағанын мойындап, мас күйде болғанын айтқан болатын.