03 сәуір 2019 14:55

Алматыда тағы бірнеше көшені реконструкциялау басталады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сурет Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінен Сурет Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Алматыда "Қала адамдар үшін" концепциясы аясында сәуір айынан бастап Байсейітова, Жібек жолы көшелері мен Достық даңғылы бойы реконструкцияланады, яғни жаяу жүргіншілерге басымдық беру үшін құрылыс жұмыстары басталады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 


Алматыда "Қала адамдар үшін" концепциясы аясында сәуір айынан бастап Байсейітова, Жібек жолы көшелері мен Достық даңғылы бойы реконструкцияланады, яғни жаяу жүргіншілерге басымдық беру үшін құрылыс жұмыстары басталады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қоғамдық кеңістікті модернизациялау және жайлы қалалық ортаны қалыптастыру үшін реконструкцияланған көшелерде экологиялық тротуар плиткалары, энергия жинақтаушы жарық көздері, көше жиһазы, спорт және балалар алаңдары, заманауи кіші сәулет пішіндері пайда болады.

Бұлардан өзге, ғимараттардың барлық кіре берістері бірыңғай стильге көшіріледі. Жасыл желекке ерекше мән беріледі, бұрынғы бар ағаштарды сақтай отырып, жаңалары отырғызылады, суарудың автоматты жүйесі тартылып, ескі арық науалары ауыстырылады.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланы абаттандыру бойынша өткен жұмыс кеңесі барысында Жайлы қалалық орта басқармасы мен Қала құрылысын бақылау басқармасына барлық құрылыс жұмыстарының орындалуын барынша қатаң бақылауға алуды, сонымен қатар бұрын жаңарған көшелердегі орын алған ақауларды мердігерлік ұйымдар есебінен жоюды тапсырды.

Жібек жолы (Желтоқсан - Сейфуллин), Байсейітова (Қабанбай батыр - Төле би) көшелері мен Достық (Қазыбек би - Құрманғазы) даңғылы бойындағы учаскелерде жаяу жүргіншінің кедергісіз өткелдерін қамтамасыз ету үшін биылғы жылы жөндеу жұмыстары кезеңмен жүргізіледі. Алдымен көшенің бір жағы, содан кейін екіншісі жөнделеді. Арнайы қоршаулар және жүргінші траптары, мердігерлік ұйымның барлық байланыс нөмірлері жазылған нысанның паспорты қойылады.

Айта кетерлігі, жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлер әкімдерімен өткізген кеңес барысында халықтың жақсы өмір сүруіне тікелей ықпал ететін инфрақұрылымдық сипаты бар жүйелі мәселелерді шешуге айрықша назар аудару қажеттігін атап өткен еді.

2015 жылы қала тұрғындарының жалпы талқылауынан өткен "Алматы-2020" даму Бағдарламасы аясында мегаполисте қаланың тарихи орталығының 60 пайызы жаңарды, 600-ге жуық көше, 1400-тан аса ескі аулалар жөнделді. Көше жарықтарының үштен бірі диодты және энергия жинақтаушы шамдарға ауыстырылды, 300 шақырым арық, 2000 шақырым инженерлік желілер тартылды. Қаланың барлық жер асты өтпелі жолдары жаңарды.

Биылғы жылы тағы да 680 ауланы жаңарту жоспарланған, яғни қаланың барлық көпқабатты үйлерінің 50 пайызы қамтылады. Сәуір айының ортасынан бастап 120-дан аса көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, қаланың 12 ықшам ауданында 440-тан аса жаңа жолдар салынады. Алматы әкімдігінің бастауымен өтіп жатқан Jasyl meken акциясы барысында тек биылғы көктемнің өзінде ғана қаланың барлық аудандарында жергілікті питомниктерде өсірілген 12 мыңнан аса ағашты отырғызу жоспарланған.

Бұлардан өзге, қала шетінде орналасқан саябақ, скверлер мен жүргінші аймақтары абаттандырылады. Қауіпсіз қала кеңістігін қалыптастыру мақсатында жаңа LED-шамдары қаланың 120-дан аса көшесіне қосымша орнатылады.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.26   490.7   4.83 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети