Ан-2 апатынан аман қалған қызға бес ота сәтті жасалды

29 Қаңтар 2015, 19:18
1
Ан-2 апатынан аман қалған қызға бес ота сәтті жасалды - Әсем Шаяхметова. ©Tengrinews.kz
Әсем Шаяхметова. ©Tengrinews.kz

Жамбыл облысында Ан-2 ұшағы апаты салдарынан зардап шеккен Әсем Шаяхметоваға дәрігерлер 27-29 қаңтар күндері 5 ота жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Операциялардың бәрі сәтті аяқталды.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Әсем Шаяхметоваға 27 қаңтарда Stryker транспедикуляр жүйесімен омыртқасына денені транспедикулярлы бекіту отасы жасалды. Сонымен қатар, 29 қаңтарда тағы төрт операция: сол жақ жамбас сүйегінің сынығына жабық репозиция, өзекпен және бұрамамен бекітетін интрамедулярлық остеосинтез, сол жақ жіліншек сүйегінің сынған жерін жабық репозициялау, оң жақ жіліншегінің жұқа ұлпасының ақауына тері пластикасы және  VAС жүйесін қойып, оң жақ жіліншігіне Илизаров аппаратымен компрессиялық-дистракциондық остеосинтез отасы жасалды.

"Шаяхметова қазіргі уақытта аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер науқастың жалпы жағдайын тұрақты ауыр деп бағалады. Оң жақ жіліншегінің жарақаттарын дайындаған соң қалған оталарды жасау жоспарланып отыр", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Жамбыл облысында Ан-2 ұшағы апатқа ұшырағанда аман қалған 1986 жылы туылған Әсем Шаяхметова 20 қаңтарда сағат 19.00-де Шу қалалық емханасына сол жақ жамбасының және оң жіліншігінің ашық сынығы, бас сүйек-ми зақымы, мидың шайқалуы, бет терісінің сыдырылуы және 3-дәрежедегі зақымданудан есеңгіреу диагнозымен жеткізілген болатын. Ауруханаға жеткізілген сәтте науқастың жағдайы тұрақты ауыр болды. Жансақтау бөлімінде оған антибактериялық және есеңгіреуге қарсы терапия, эритроцитті масса гемотрансфузиясы емі жасалды. Емдеу тактикасын анықтау мақсатында 21 қаңтарда Шу қаласына Астанадан үш, Тараздан екі дәрігер жеткізілді. Мамандардың консилиумы оны Астанаға тасымалдау жөнінде шешім қабылдады. 22 қаңтарда Әсем Шаяхметова санитарлық авиациямен Астанаға жеткізіліп, №1 қалалық ауруханаға жатқызылды. Зерттеулер нәтижесінде науқастың бас миы зақымданғаны, сондай-ақ оң жақ бетінің сүйегінде, бел омыртқасында, сол жақ жамбасы мен екі жіліншегінде ашық және тұйық сынықтар бар екені белгілі болды.

Еске сала кетейік, Ан-2 ұшағы 20 қаңтар күні сағат 15.40 шамасында "Шатыркөл" кен орны ауданында апатқа ұшыраған еді. "Олимп Эйр" серіктестігіне тиесілі ұшақ Балқаштан кен орнына ұшып шыққан. Ұшақтың бортында жеті адам болды, оның үшеуі - экипаж мүшесі. Алты адам қаза тапты. "Балқаштүстімет" ӨБ бас геологы Шаяхметова тірі қалды. Ұшақтың апатқа ұшырауына тұман себеп болуы мүмкін деген жорамал айтылды. Тергеу оқиғаға себеп болуы мүмкін бірнеше жайтты тексеріп жатыр. 


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (1)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай