"Дакар-2012" ралли-рейдінің қола жүлдегері Артур Ардавичус Антикоррупция қызметінің оның 800 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінгені туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Дакар-2012" ралли-рейдінің қола жүлдегері Артур Ардавичус Антикоррупция қызметінің оның 800 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінгені туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы органның болжамы бойынша, менің Astana Motorsports командасының директоры мен капитаны бола отырып, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарды өткізуге өтінімдерді арттыру арқылы ірі соманы ұрлауға қатысым бар. Айыптау көзқарасы - тергеу органының қызметіндегі ажырамас атрибут, бұл олардың жұмысының ерекшелігімен түсіндіріледі. Осыған байланысты тергеу орбитасына түсетін кез келген азамат өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге мәжбүр. БАҚ-та жариялау адамдарды қоғам алдында ақталуға мәжбүр ететін әдістердің бірі ретінде пайдаланылады. Менің ойымша, менің де жағдайым солай. Әлде біздің елімізде қоғамда және құқық қорғау органдарында кінәсіздік презумпциясы басқаша түсінілетін шығар. Әйтпесе бұл оқиғаны түсіндіре алмаймын", - деді Артур Ардавичус.
Спортшының айтуынша, одан жауап алынбаған, тағылған айып көрсетілмеген.
"Тексеруге кім және қашан бастамашы болды, бұл жағы маған белгісіз. Тергеу органының менің орналасқан жерім туралы шынайы мәліметтері бар. Мен әрқашан тергеушімен байланысамын. Жылдың басты турнирі - аты аңызға айналған "Дакар-2020" жарысына дайындалудың мүмкін емесі туралы жазбаша түсініктеме берілді. Мен бір еуропалық команданың бас шабандозы болдым, келісімшартта көрсетілген міндеттемелерім бар. Бұл келісімшартқа айыптаудың алдында ұзақ уақыт бұрын қол қойғанмын. Мен туған Қазақстанымның намысын қорғаймын. Осы жарысқа дайындық үшін бірде-бір тиынды қазақстандық бюджеттен алғаным жоқ және одан үмітті емеспін. Маған тек менің кәсіби құзыретіме байланысты келісімшарт ұсынылды", - деді ол.
Артур Ардавичус кәсіби қызметіне байланысты шекара асқанын және мұндай жұмыс тәртібі бірнеше жылға созылатынын айтты.
"Мен кез келген қоңырауға жауап беремін. Маған көптеген отандаым, соның ішінде журналистер қоңырау шалды. Мен барлығы үшін ашық және қолжетімді адаммын. Мұндай жағдайларда адамға қатысты іздеу қалай жарияланатынын түсіне алмай отырмын. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қысым іс жүргізу талабы екенін жоққа шығармаймын. Қалай болса да, "Дакарды" аяқтағаннан кейін мен Отаныма келіп, кінәсіздігіме дәлелдер ұсынуға ниет білдіремін. Мемлекеттік органдар заңды шешім қабылдайды деген сенімдемін", - деп қорытындылады спортшы.
Мұның алдында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2016-2017 жылдары Қазақстан автоспортын дамытуға бөлінген қаражатты жымқыру ісі бойынша тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің екінші департаментінің басшысы Сергей Перовтың айтуынша, Ардавичус бірнеше рет жауап алуға шақыртылған, алайда шетелден келуден бас тартқан.
"Аталған мән-жайларды және Ардавичус мырзаның қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын көрсететін жеткілікті негіздерінің болуын ескере отырып, оған қатысты сырттай "күзетпен ұстау" бұлтартпау шарасы санкцияланды. Халықаралық іздеу жариялау туралы материалдар сотқа жіберілді", - делінген еді ведомство таратқан хабарламада.