"АрселорМиттал Теміртау" шахтерлері жер үстіне әлі шықпай отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"АрселорМиттал Теміртау" шахтерлері жер үстіне әлі шықпай отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мұның алдында төрт шахтаның 200 адамы (түнгі ауысымдағы) жоғары шықпай отырғаны хабарланған еді. Олардың өкілдері "АрселорМиттал Теміртау" АҚ басшылығымен кездесуге шыққан. Бұл туралы Қарағанды облыстық әкімдігінің сайтында хабарланды.
"Кеншілердің өкілдері "АрселорМиттал Теміртау" АҚ компания баслышығымен кездесу үшін жер бетіне көтерілді. Кездесу "Қорғау" көмір кеншілер кәсіподағының және облыс әкімдігі басшылығының қатысуымен өтті. Келіссөз жалғасуда. Осыған дейін 11 желтоқсан 19.30-дан 21.30-ға дейін Шахтинскіде кеншілердің отбасы мүшелері облыс әкімінің орынбасары және "АрселорМиттал Теміртау" АҚ өкілдерімен кездескен болатын. Кеншілердің туған-туыстарына қалыптасқан жағдай туралы, сонымен қатар, қойылған барлық сауал бойынша түсініктеме берілді", - делінген сайттағы хабарламада.
11 желтоқсанда Шахтинск тұрғындары WhatsApp арқылы қаланың орталық алаңында митинг болатыны жайлы хабар алған. 19.00-де Шахтинсктің Мәдениет сарайының алдына адамдар жинала бастаған. Олардың ішінде жұмысшылардың әйелдері мен отбасы мүшелері болған.
Шахтинск әкімдігінің өкілдері, облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Жандос Әбішев, облыс әкімінің энергетика, ТКШ және ТЖ мәселелері жөніндегі орынбасары Анатолий Шкарупа, облыс прокурорының орынбасары Мейрам Тәутенов жиналғандардың алдына шықты. Жандос Әбішев жұмысшылардың жалақысын көтеру бойынша мәселе "Қорғау" кәсіподағы және "АМТ" АҚ өкілдерімен бірге шешілгенін мәлімдеді.
Ұжымдық келісімшарт бойынша барлық құжатқа қол қойылып, жалақыны 2018 жылдың 1 қаңтарынан көтеру жоспарланып отырғаны айтылды. Жиналғандардың біразы аязға қарамастан, кішкентай балаларын алып келіп, Шахтинсктің мәдениет үйіне кіруден бас тартқан.
Жұмысшылардың әйелдері мен туыстары жер астында наразылық танытып жатқандармен ниеттестігін білдіретінін айтқан. Біршама уақыттан кейін олар мәдениет үйіне кірді.
"Қазіргі уақытта шахталарда келіссөз жүріп жатыр, барлық төрт шахтаға бастамашыл топтар, жергілікті атқару органдары, еңбек инспекциясы және "АМТ" АҚ өкілдері түсті. Шахтерлер әрбір шахтадан үш өкілден сайлап, келіссөзге жіберген. Жалақы бойынша мәселе талқыланып жатыр. Орташа есеппен жалақы 5-тен 30 пайызға дейін өседі", - деп мәлімдеді Әбішев.
Еске салайық, 11 желтоқсанда "АрселорМиттал Теміртау" шахтерлері ауысымнан кейін жоғары қарай шықпай қойған. Наразылық танытып жатқандардың туыстары әлеуметтік желілерде жариялап жатқан мәліметтер бойынша, шахтерлер жалақыны өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп жатыр екен.