Астанада кенелердің белсенділік маусымы сәуір айынан басталып, қазан айына дейін жалғасады. Егер сізді кене шақса не істеу керек? Бұл сұраққа Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Астанада кене шағуына байланысты шағымдар қаншалықты жиі тіркеледі
Жанна Пралиеваның мәліметінше, 2025 жылдың 15 мамырына дейін Астана қаласындағы денсаулық сақтау ұйымдарына кене шағуына байланысты 168 адам жүгінген. Шағымдар негізінен сәуір–мамыр және тамыз–қыркүйек айларындағы эпидемиологиялық белсенді маусымға сәйкес келеді.
Кене шақса не істеу керек?
Маманның айтуынша, кене шаққан жағдайда мүмкіндігінше тез арада жақын жердегі травмпунктке жүгіну қажет.
"Егер медициналық мекемеге жету қиын болса, кенені өз бетіңізше алып тастауға болады. Кейін алынған материалды зерттеу үшін Желтоксан көшесі, 46-үйде орналасқан Ұлттық сараптама орталығының мониторинг зертханасына жеткізу керек. Кенені өз бетімен алу кезінде өте мұқият болу қажет, себебі кененің теріге кіріп кеткен тұмсығы теріде қалып қойса, бұл қолайсыз жағдай туғызады. Сондықтан кенені мүмкіндігінше тұтас күйінде, жыртпай алып тастау маңызды", – деп түсіндірді Пралиева.
Қалай сақтануға болады
Маман Астана қаласында кене энцефалиті тіркелмегенін айтты.
"Дегенмен, орманға, табиғатқа, саяжайға немесе пикникке шықсаңыз, кененің теріңізге жетуіне жол бермейтіндей киініңіз. Кене адам денесіне түсіп, шағу үшін жұмсақ тері бөлігін іздеп, 2 сағатқа дейін денеде жүре алады. Әдетте бұл: құлақ арты, қолтық, мойын сияқты жерлер. Сондықтан шалбардың балағын шұлық пен аяқ киімге салып, жеңі мен жағасы тар киім кию ұсынылады", – деді маман.
Сондай-ақ, серуеннен кейін киімді шешіп, мұқият қарап шығу және ашық ауада кем дегенде 5–10 сағатқа іліп қою ұсынылады.
"Астана қаласы кене энцефалиті бойынша эндемиялық аймақ болып табылмайтындықтан, бұл ауруға қарсы екпе жүргізілмейді", – деді маман.
Қорғану жолдары: негізгі кеңестер
Кене шағу қаупін азайту үшін келесі қарапайым ережелерді сақтау қажет:
- Табиғатқа шыққанда денені толық жауып тұратын киім киіңіз: ұзын жеңді көйлек, шалбар, жағасы мен жеңі тар киім.
- Киім мен ашық тері бөліктеріне кенеге қарсы арнайы құрал (репеллент) сеуіп отырыңыз.
- Серуеннен кейін өзіңізді, балаларыңызды мұқият қарап шығыңыз. Әсіресе, мойын, құлақ арты, қолтық, бел және тізе аймақтарына назар аударыңыз. Үй жануарларын да қарап шығуды ұмытпаңыз.
Айта кетейік, сәуір айының ортасында Алматыда кенелердің белсенділігі артқаны байқалған. Қала тұрғындары кене шағуына байланысты жиі медициналық көмекке жүгінуде. Наурыз айының басынан бері 186 адам көмек алған, олардың 80-нен астамы – балалар.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!