Астанада наурыз мерекесіне орай 68 киіз үй тігіледі деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұловқа сілтеме жасап.
"Мереке күндері қала бойынша 68 киіз үй тігіледі. Оның 40-ы Қазақ елі алаңында орналасса, 8-і Сарыарқа, 20-ы Алматы ауданында бой көтереді", - деді Болат Мажағұлов ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ, наурыздың 21-22 күндері еліміздің әрбір облысының өкілдері Қазақ елі алаңында түрлі көрмелерді ұсынылатын болады.
"Жылдағы дәстүр бойынша барлық мекемелердің қатысуымен 50 мыңнан аса бауырсақ пісіріледі. Сондай-ақ, келген қонақтарға жеткілікті деңгейде ұлттық тағамдар әзірленбек", - деп мәлімдеді Мәдениет басқармасының басшысы.