Әлеуметтік желілерде ІІМ зейнеткеріне цифрлық құжаттар арқылы LRT-да жүруге арналған жеңілдік картасын рәсімдеуге рұқсат берілмегені туралы ақпарат пайда болды. City Transportation Systems (CTS) компаниясы мұның себебін түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Зейнеткерге жеңілдік картасын рәсімдеуден бас тартылды
Threads әлеуметтік желісінде ер адам LRT-да жүруге арналған жеңілдік картасын рәсімдеуден бас тартылғаны туралы видео жариялады.
"Мен құжаттарымды, зейнеткерлік куәлігімді, жеке куәлігімді көрсеттім. Ал маған: "Үйден түпнұсқасын әкелу керек" дейді. Бірақ қазір цифрландыру заманы емес пе. Мен бәрін: тіркеуімді көрсеттім, бәрі ІІМ-нен келген. Жігіт көмектескісі келіп еді, бірақ ол әйел: "Маған түпнұсқа керек" деп қасарысып тұрып алды. Ескі заманмен өмір сүріп жатыр. Әрі қарай қалай дамитынымызды білмеймін. Ол: "Зейнеткерлік куәліктің түпнұсқасын әкел" дейді. Ал менде цифрлық құжат. Мен бәрін көрсеттім, онда: ІІМ зейнеткері, Астана қаласы, тіркеуі жазылып тұр", – деді ер адам.
CTS не дейді?
CTS баспасөз қызметі мәліметінше, ер адам көлік картасын құжаттардың телефондағы суреттері арқылы рәсімдемек болған. Ал мұны ресми сервистер арқылы жасау қажет.
Бұл ретте компания жолаушылардың кейбір санаттары үшін жеңілдік картасын алуға құжаттардың түпнұсқасын көрсету міндетті екенін атап өтті. Бұл штапм пен елтаңбалы мөр түпнұсқалығын тексеру үшін талап етіледі.
"Картаны рәсімдеу кезінде цифрлық құжаттарды көрсету талап етіледі, сондай-ақ жекелеген санаттар үшін құжаттардың түпнұсқасы қажет. Жеңілдік санаттарына жататын азаматтардың ("Қамқоршы", "Заңды өкіл", "Көпбалалы аналар" және "Көпбалалы отбасылар") зейнеткерлік куәлігінде жеңілдіктің қолданылу мерзімі туралы өзекті жазба болуы тиіс. Ол жеңілдікке құқықты растайтын "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ Астана бойынша әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығының елтаңбалы мөрімен куәландырылуы керек", - деп түсіндірді CTS өкілдері.
Еске сала кетейік, Астанадағы жеңіл рельсті көлікке ресми атау берілді – Tarlan Astana.
Болашақта жолаушылар үшін жаңа дизайндағы көлік карталары шығарылады. Қазір ол әзірлену үстінде. Қолданыстағы картаны ауыстырудың қажеті жоқ – ол жұмыс істей береді.