Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Enbek.kz электрондық еңбек биржасындағы бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсынды. Сондай-ақ онда қазақстандықтардың жалақы бойынша ұсыныстары мен үміттері туралы айтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz министрлік сайтына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, өткен айда жұмыс берушілер 108,7 мың бос жұмыс орнын орналастырса, жұмыс іздеушілер 126,7 мың түйіндеме жариялаған.
Салалық құрылым бойынша сұраныс көшін білім беру саласы (19,2 мың бос жұмыс орны) бастап тұр. Сонымен қатар өзге де қызметтер көрсету саласында (16,5 мың), ауыл, орман және балық шаруашылығында (12,1 мың), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында (9,5 мың), сондай-ақ құрылыс (8,4 мың) және өңдеу өнеркәсібі (7,3 мың) салаларында да кадрларға сұраныс жоғары деңгейде сақталған.
Өңірлік бөліністе ең көп бос жұмыс орны Түркістан облысында (12,3 мың), Астанада (8,5 мың), Жамбыл облысында (7 мың) және Қарағанды облысында (6,7 мың) жарияланды.
Жоғары білікті мамандар бос орындардың 25 пайызында талап етіледі. Қалған бөлігі орта және төмен біліктіліктегі бос орындар арасында теңдей бөлінген.
Жұмыс іздеушілер арасында 35 жасқа дейінгі үміткерлер басым (барлық түйіндемелердің 49 пайызы), бұл алдыңғы айлардың көрсеткіштерінен айтарлықтай жоғары және нарыққа түлектердің шығуымен байланысты. 35-44 жас аралығындағы жұмыс іздеушілердің үлесі 25 пайыз, 45-54 жастағылар – 17 пайыз, 55 жастан асқандар – 9 пайыз болады. Жағдайлардың 55 пайызында жұмысты әйелдер, 45 пайызында ерлер іздейді.
Біліктілік деңгейі бойынша жұмыс күші ұсынысының құрылымы жалпы алғанда сұраныс құрылымымен сәйкес келеді.
Маусым айында ең жоғары жалақы ұсынылған бос жұмыс орындарының қатарында дивизион директоры (≈1,98 миллион теңге), басқарма бастығының орынбасары (≈1,38 миллион теңге) және ұңғыма инженері (≈1,31 миллион теңге) лауазымдары болды.
Ал жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақы күтімі ұшқыш (≈3,4 миллион теңге), жүйелік сәулетші (≈2,5 миллион теңге) және дәрігер-хирург (≈2 миллион теңге) мамандықтары бойынша тіркелді.
"Жалпы, маусымның қорытындысы еңбек нарығындағы белсенділіктің қайта жанданғанын көрсетті. Сұраныс пен ұсыныс көлемі жыл басынан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Жұмыс берушілердің кадрларға деген негізгі сұранысы негізінен әлеуметтік салада, қызмет көрсету секторында және маусымдық салаларда сақталып отыр. Ал жұмыс күшінің ұсынысы жағынан жастардың, әсіресе оқу орындарының биылғы түлектерінің еңбек нарығына белсенді шығуы байқалады", - деп хабарлады Еңбек министрлігі.
Жыл басынан бері платформада 604,4 мың бос жұмыс орны мен 736 мың түйіндеме орналастырылды.