Ақтауда баланың үстіне терезеден теледидар лақтырып жіберген ер адам өз кінәсін мойындамай отыр, - деп хабарлайды "Актау Бизнес".
Ақтауда баланың үстіне терезеден теледидар лақтырып жіберген ер адам өз кінәсін мойындамай отыр, - деп хабарлайды "Актау Бизнес".
Қала тұрғыны төрт жасар Ислам Катаевтың денсаулығына нұқсан келтірді деп айыпталып отыр. "Мен айтып отырмын ғой, мұны істеген мен емес. Ол теориялық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да дәлелденген жоқ. Ішкі істер басқармасы іздесін. Сұрақтардың барлығына адвокатым жауап беруі керек", - деді күдікті баланың анасы Екатерина Катаеваға.
Баланың анасы болса, күдіктінің бұл сөзіне сенбейді. "Теледидар баламның үстіне өзінен-өзі құлап кетпеген шығар? Біз Ислам екеуіміз ауруханада бір ай жаттық. Көп адам келді, ал Исламның қозғалмай қалуына, көзінің көре алмай қалуына кінәлі адам бірде-бір рет келген жоқ, тіпті, қоңырау шалып, кешірім сұрамады да", - дейді әйел.
Еске сала кетейік, төрт жасар Ислам Катаев тамыз айында үстіне көпқабатты үйдің терезесінен теледидар құлағаннан кейін комаға түскен еді. Баланың 13 жастағы әпкесінің айтуынша, кешкісін олар үйге қайтып келе жатқан кезде №3 үйдің жанында ол баладан сәл көз жазып қалады. Сол сәтте бала қоқыс контейнерлерінің жанына барған, ал оның үстіне теледидардың бөлшегі құлайды. Бала ес-түссіз күйде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, оның көру қабілетінен айырылғаны белгілі болды. Баланы емдеудің шығынын Маңғыстау облыстық әкімдігі өз мойнына алды.
Бұған дейін төрт жасар сәбидің денсаулығына зақым келтірді деген күдікпен 42 жастағы тұрғынның ұсталғаны хабарланған еді. Жауап алу кезінде ер адам 23 тамыз күні 21.00 шамасында терезеден теледидардың кинескобын лақтырып жібергенін айтты. Ол қоқыс контейнерлері жанында адамның жүргенін байқамағанын нақтылады. Оның үстінен "Денсаулыққа абайсызда нұқсан келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл іс бойынша келесі сот тыңдауы 29 қыркүйек күні өтеді.