1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Белсендіге оқ атқан экс-әкім жер телімдері бойынша айла-шарғы жасады деген күдікке ілінді

Нұрғали Аппазов, Галина Арзамасова Нұрғали Аппазов, Галина Арзамасова

Алматы облысында белсенді Галина Арзамасоваға оқ атқан ауылдық округтің экс-әкімі жер телімдері бойынша айла-шарғы жасады деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері айтты. 

"Алматы облысы Талғар ауданындағы Панфилов ауылдық округының бұрынғы әкімі шипажай, суқорғау аймағы және ирригациялық желілерінде жер телімдерін бөлу кезінде лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдаланды деген күдікке ілінді. 24 қаңтарда күдіктіге қатысты қамауға алу туралы санкция берілді", - делінген хабарламада. 

Галина Арзамасова тілшіге осы жер телімдерін заңсыз беру мәселесін 2012 жылдан бері көтергенін айтты. 

"Осында тұрып жатқанымда, біздің ауылдық округта құрылыс үшін барлық жер сатылатынын байқадым - мектеп аумағы, стадион, суқорғау аймақтары. Осы үшін алқаптар өртеніп, ағаштар кесілді. Мұндай жағдай бізде ғана емес, бүкіл Талғар ауданында болып жатыр. Жер телімдер заңсыз шығарылып, құрылыс жүргізіліп жатыр, ал кезекте тұрғандар ештеңе ала алмай дал болып жатыр. Біз осыны басқа белсенділермен көтере бастағанда, біздің тарапқа күйе жаға бастады. Мені қорқытып, ұрып-соқты. Сосын сатып алмақшы болды. Кейін атыса бастады", - дейді Галина. 

Әйелдің айтуынша, ол әр түрлі инстанцияларға шағымданған, бірақ әрдайым бір-біріне сілтеу болған екен. 

"Бірте-бірте біз Бас прокуратураға жеттік. Бірақ олар істі қайтадан облысқа лақтырды, ал ондағылар ауданға. Қайтадан еш өзгеріс болмады, бір-біріне сілтеу ғана. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері бізге қылмыстық іс ашуға еш негіз жоғын айтты", - дейді белсенді. 

Айта кетейік, Гүлдала ауылында Bek Air әуекомпаниясының ұшағы апатқа ұшыраған аймақ та Талғар облысына тиесілі. Ондағы кейбір үйлер ұшу алаңынан бірнеше метр жерде орналасқан. Осы мәселені заңгер Бақытжан Базарбек көтерді. Оның айтуынша, бұл жерлерді заңсыз сатқан, сосын құрылысты бастаған. Оның айтуынша, егер ұшақ коттеджге соқтығыспай, өз бетінше кете бергенде әуе апатынан қаза тапқандар болмас еді. 

"Дәл осы аймаққа біз жете алмадық, бұл туралы шағымда жазған жоқпыз. Егер құзырлы органдар дер кезінде тергеуді бастағанда, меніңше осы жерден де заңбұзушылықтарды анықтайтын еді. Бұл бір аудан, осындағы барлық іске сол бір адамдар жауапты", - деді Галина Арзамасова. 

Еске салайық, 26 тамызда Алматы облысында белсендіге оқ атылған. Алматы облысында қоғам белсендісі Галина Арзамасоваға оқ атқан күдіктілер ұсталды. Полициядағылардың мәліметінше, белсендіге оқ атты деген күдікпен Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов аудандық округінің әкімі Аппазов Нұрғали Әділбекұлы мен оның жүргізушісі Сманов Ғани Хамидинұлы ұсталған.