Алматыда көп әйел алуды насихаттаған жазбалары үшін ер адам жауапқа тартылды. Полиция бейнежазбаны әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықтаған, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жарияланған кадрларда ер адам көпәйелділік туралы айтып, мұндай өмір салтын қалыпты жағдай ретінде көрсеткен.
"Өзге адамдардың біз туралы не ойлайтыны бізге бәрібір", – дейді блог авторы роликтердің бірінде.
Полиция мұндай мазмұндағы контент Қазақстан заңнамасына қайшы келетінін және отбасы институтына деген құрметке нұқсан келтіретінін мәлімдеді.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Құқық қорғау органдары видео авторын анықтап, оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы 3-1-бөлігі (құқыққа қайшы контентті орналастыру және тарату) бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Бұл бап бойынша ер адамға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. 2026 жылы бұл көрсеткіш 86 500 теңгені құрайды.
Полиция қызметкерлерімен өткен түсіндіру жұмыстарынан кейін ер адам жазбаларды парақшасынан өзі өшіріп тастады.
Полиция өкілдері әлеуметтік желілердің жария кеңістік екенін, ал заңмен тыйым салынған мінез-құлық үлгілерін насихаттайтын материалдарды жариялағаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.