Реклама +7(700) 388 81 09
  1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

"Дәурен-ай" әдеби-музыкалық кеші өтеді 06 желтоқсан 2022, 15:52

Биыл "Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымы "Ұлыларға тағзым" атты жаңа жоба бастаған болатын. Жоба аясында Мұхтар
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
  • WhatsApp
  • Қате таптыңыз ба?

Биыл "Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымы "Ұлыларға тағзым" атты жаңа жоба бастаған болатын. Жоба аясында Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев, Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Нұрғиса Тілендиев сынды ұлы тұлғалардың шығармалары арқылы есімдері ұлықталды. Бұл маңызды бастаманы жалғастыра отырып, "Қазақконцерт" ұжымы жазушы, әдебиет зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің туғанына 80 жыл толуына орай 10 желтоқсан күні сағ.16.00-де "Дәурен-ай" атты әдеби-музыкалық кеш өткізеді.

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай: "Ақселеу Сейдімбек қазақ мәдениетінің мыңжылдық тарихына, көшпенді өркениет шежіресіне шолу жасаған тұңғиық зерде иесі, ғұлама ғалым. Ұлттық ән мен күй өнеріне де өз үлесін қосқан талантты сазгер. Хандық дәуіріміздегі Ақтамберді, Қазтуған секілді жыраулар мұрасын күй сарынымен өрелеп жаңа белеске көтерді. Оның "Дәурен-ай", "Сарыарқа" әндері қазіргі мәдени өміріміздің інжу-маржанына айналған. Жарқын ғұмырымен ұлтқа үлгі бола білген тау тұлғаның мұрасы халқымен бірге мәңгі жасай бермек" деп жүрекжарды лебізін білдірсе, "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымы "Халық қазынасы" ұлттық өнер орталығының басшысы Жасұлан Наурызбай: "Ақселеу ағамыз қазақ руханияты тарихының дамуына мол олжа салып, шешендік өнер, жыраулық поэзия, қара өлеңдер мен күйшілік өнер жайындағы мәліметтерді жеткізе білді. Жалпы алғанда, күйшілік өнер екі бағытта зерттеледі. Академик Ахмет Жұбанов өзіндік ерекшелігі бар мектептерге бөліп зерттесе, Ақаң күйшілік өнерді кезең-кезеңімен қарастырды. Қазақтың аңыз, тарихи және халық композиторлары күйлерінің қалыптасуына байланысты шығармалар жазды. Қаламгер Қазақстанның Халық әртісі Қайрат Байбосыновтың шәкірті Айтбек Нығызбаевқа бірнеше әндерін аманат етіп қалдырған. Ақаңа арналған "Дәурен-ай" атты сахналық кеште жаңа әндер көрермендер назарына ұсынылады".

Іс-шара барысында қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жайлы үзеңгілес достары мен замандастары естеліктерімен бөліседі. Әдеби музыкалық кешке ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары Қойшығара Салғараұлы, Несіпбек Айтұлы, халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты Тұрсын Жұртбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтай, Қазақстанның Халық әртісі Қайрат Байбосынов және т.б. қатысады.

Айта кетейік, "Ұлыларға тағзым" жобасының серіктесі "Абай" телеарнасы болып табылады.


Join Telegram