Денсаулық сақтау министрлігі бұрынғы әскери қызметші Ербаян Мұхтардың өліміне не себеп болғанын жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі бұрынғы әскери қызметші Ербаян Мұхтардың өліміне не себеп болғанын жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Үш жыл бойы арпалысты
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, дәрігерлер жігіттің өмірі үшін үш жылға жуық күрескен, алайда мидағы қайтымсыз өзгерістер салдарынан алған жарақаттары өмірмен үйлеспейтін болып шықты.
"Пациент Ербаян Мұхтар 2023 жылдан бастап мерзімді қызметін өтеу кезінде алған ауыр бас-сүйек жарақаты салдарынан өте ауыр жағдайда болды. Ұзақ уақыт бойы оның жағдайы тұрақты вегетативті күйде қалды", - деп түсіндірді министрлік өкілдері әскери қызметшінің жағдайы туралы.
Денсаулық сақтау министрлігі тыныс алуды қолдауды қоса алғанда, қарқынды терапия жүргізілгеніне қарамастан, пациенттің өмірлік маңызды көрсеткіштері нашарлағанын атап өтті: қанның оттегімен қанығуы (сатурация) төмендеп, жүрек ырғағы бұзылған, ал гемодинамика тұрақсыз болған.
"Пациенттің жағдайы критикалық деңгейде қалды. Медицина мамандары барлық қажетті реанимациялық және емдеу шараларын жүргізді. Биылғы маусымда негізгі ауыр ауру фонында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп мүшелі жетіспеушілік синдромы дамыды", - деп мәлімдеді министрліктегілер.
Ербаянның қазасы
2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та Ербаян Мұхтардың биологиялық өлімі тіркелді.
"Өлімге бас-ми жарақатының ауыр салдары мен соның салдарынан пайда болған асқынулар әсерінен дамыған көп ағзаның жеткіліксіздігі себеп болды", – деп хабарлады ведомство.
Пациенттің заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылған палатада жатқаны атап өтілді. Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, ол заманауи дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп, оған айрықша күтім жағдайлары жасалған.
"Медициналық қызметкерлер емдеу мен күтімнің барлық қажетті көлемін қамтамасыз етті, туыстарының науқастың палатасына кіруіне рұқсат беріп, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдайды қарастырды", - деп түйіндеді министрліктегілер.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен бірлесіп, Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Ербаян Мұхтардың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына терең қайғырып көңіл айтатыны атап өтілді.
Ербаянның ісі бойынша тергеу қай кезеңде?
2026 жылғы 16 маусымда ІІМ баспасөз қызметі сауалға берген жауабында әскери қызметшінің дене жарақатын алу мән-жайларын тергеу әлі де жалғасып жатқанын хабарлаған болатын.
"ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды", - деп хабарлады бізге бұған дейін ІІМ-дегілер.
Ербаянның оқиғасы
Қазақстандықтар әскери қызметші Ербаян Мұхтардың тағдырын 2023 жылдың желтоқсанынан бастап бақылап келді. Сол кезде жас жігіттің ауруханаға түскені белгілі болған еді. Ол қызмет еткен Ұлттық ұланның әскери бөлімінде ата-анасына оның дәретханада құлап қалып, басын плиткаға соғып алғанын айтқан.
2024 жылғы тамызда Ұлттық ұланның баспасөз қызметі жарақат алу дерегі бойынша тергеу басталғанын мәлімдеген болатын.
Жарақаттан кейін Ербаян Мұхтар сал болып қалды. Оған бірнеше ота жасалғанымен, бұл жағдайын жақсартпады. Отбасы оның қимыл-қозғалысын қалпына келтіру мақсатында бірнеше рет шетелге емделуге апарған болатын.