Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ербаян Мұхтардың жағдайына қатысты пікір білдірді. Ол әскери борышын өтеп жүріп ауыр жарақат алған еді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға 2023 жылы желтоқсанда болды. Содан бері оған бірнеше ота жасалған.
"Оның жағдайы тұрақты. Қосымша оңалту және медициналық қызмет көрсету үшін Ербаян кеше Ұлттық медициналық орталыққа жатқызылды. Ауруына сәйкес оған қажет көмек көрсетіліп жатыр. Әкесі қасында", - деді Әлназарова Үкімет отырысында.
Министр қолданылған ем шараларына қарамастан, сарбаздың жағдайы әлі жақсармағанын айтты.
"Оның диагнозы өте ауыр. Жарақатымен қатар инфекция да болды. Тиісті шаралар қабылданып жатыр. Ол да (Ербаян – еск.) Түркияға да барды. Қазір өзіміз қосымша тексеріп жатырмыз. Оның ата-анасымен шетелде емдеу мәселесін талқыладық. Олар Қазақстанда емделуге келісті", - деді ол.
Еске салайық, Ербаян Мұхтар ауруханаға 2023 жылы желтоқсанда түскен еді. Алматыдағы 5571 әскери бөлімшесінде Отан алдындағы борышын өтеген сарбаз жантүршігерлік жағдайға жетті.
Әскери бөлімнің есебі бойынша түнгі сағат 2 шамасында әжетханаға шыққан сарбаз өзі құлап, басын кафельге ұрып алған. "Бас сүйегі жарылып, желке сүйегі сынып, ауыр ми жарақатын алған баланың өзі құлауы мүмкін емес" деген сарбаздың ата-анасы Massaget TV тілшісіне ашық сұхбат та берді.
Ербаянға бес рет ота жасалды. Кейінірек ол Түркияға емделуге кетті. Биыл қаңтарда Ербаян Астанаға оралды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!