Ондаған жыл бұрын шатырға жасырылған доллар бумасы нағыз қазына болып көрінуі мүмкін. Бірақ банкноттар айналымнан шығып кеткен болса не істеу керек? Оларды қазіргі купюраларға айырбастауға бола ма, әлде мұндай олжаның құны жоқ па? Бұл сауалдардың жауабын Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді.
Шатырдан табылған олжа
Тengrinews.kz редакциясына Қазақстан тұрғыны хабарласып, ерекше оқиғасын айтып берді. Ол осыдан бір жыл бұрын еліміздің өңірлерінің бірінен ескі саяжай сатып алған. Шатырдағы заттарды жинау кезінде ер адам ішінде қомақты доллар салынған сөмке тауып алады.
Кейінірек банкноттардың барлығы ескі үлгіде екені белгілі болды. Оқырманның айтуынша, бұл ақша үйде 90-жылдардан бері жатқан болуы мүмкін. Ол бұрынғы иелері ақшаны жасырып қойып, кейін көшкен кезде немесе басқа да жағдайларға байланысты ұмытып кеткен деп болжайды.
Ер адам ескі долларды жаңасына айырбастауға болатынын, сондай-ақ мұндай олжа туралы мемлекеттік органдарға хабарлау қажет пе екенін түсіндіруді сұрады.
Ескі долларларды айырбастауға бола ма?
Ұлттық банк редакцияның ресми сауалына берген жауабында ресми түрде айналымнан шығарылған шетел валютасының банкноттары төлемге жарамсыз деп саналатынын түсіндірді.
Дегенмен бұл оларды мүлдем айырбастауға болмайды дегенді білдірмейді.
Жауапта көрсетілгендей, шетелдік банктермен корреспонденттік қатынасы бар қазақстандық банктер мұндай купюраларды инкассоға қабылдап, айырбастау үшін эмитент-банкке жібере алады.
Бұл ретте клиентке алдын ала мынадай ақпарат берілуі тиіс:
- инкассо шарттары туралы;
- комиссия көлемі туралы;
- эмитент-банктің банкноттарды айырбастаудан бас тартуы мүмкін екендігі туралы.
Комиссия көлемін банктер өз бетінше белгілейді, бірақ ол ұсынылған купюралардың номиналды құнынан 10 пайыздан аспауы тиіс.
Қарапайым тілмен айтқанда, ескі банкноттардың иесі осындай қызмет көрсететін банкке жүгіне алады. Банк комиссия (соманың 10 пайызынан аспайтын) үшін делдал ретінде әрекет етіп, купюраларды тексеру және ықтимал айырбастау үшін эмитент-банкке жібереді. Бұл ретте ешқандай кепілдік жоқ: түпкілікті шешімді шетелдік банк қабылдайды, ол банкноттарды айырбастауға да, одан бас тартуға да құқылы.
Табылған ақша туралы хабарлау қажет пе?
Ұлттық банк олжа табылған жағдайдағы іс-қимыл тәртібі Азаматтық кодекспен реттелетінін еске салды. Кодекстің 245-бабына сәйкес, жоғалған затты тауып алған адам оның меншік иесіне хабарлауға меншік иесінің немесе олжаны ішкі істер органдарына немесе ақша не өзге де мүлік табылған өңірдің әкімдігіне тапсыру шараларын қабылдауға міндетті.
Бұл ретте заңнамада олжа туралы хабарлау міндеті туындайтын ең төменгі немесе ең жоғары сома белгіленбеген. Яғни, бұл ереже қанша ақша табылғанына қарамастан қолданылады.
Бұған дейін мемлекеттік органдар қазына тауып алған қазақстандықтар не істей алатынын айтқан. Қысқаша айтқанда, табылған олжа құнының 50 пайызын алуға болады, бірақ бұл туралы міндетті түрде хабарлау қажет.