Қазақстанда жасанды жаңбыр шақыратын ерекше эксперимент жүргізіліп жатыр. Мәліметтерді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Эксперимент Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым өкілдерімен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан бұған "Қазгидромет" жетекшілік етеді.
"Біздің тарапымыздан мәселе тек метеодеректерге, тікелей Қазақстан аумағындағы бұлттардың сулылығына қатысты. Алғашқы эксперименттен кейін жағдай түсінікті болады деп ойлаймын. Бұл мәселе Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құзыретіне кіреді. Біз өз тарапымыздан тек бұлттардың сулылығын тексереміз", - деді Мансұр Ошурбаев Мәжіліс кулуарында.
Жасанды жаңбыр шақыру үшін жеке бюджет бөліне ме, жоқ па деген сауалға шенеунік жауап бермеді.
"Экологиялық тұрғыдан біз тәжірибені зерттеп жатырмыз. Эксперимент аяқталған соң жауын-шашыннан толық сынама алып, оның нәтижелерін анықтаймыз. Егер олар барлық нормативке сай келіп, ешқандай асып кетушілік байқалмаса, жалпы әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұл – су қоймаларындағы тасқын су кезінде жетіспей қалған су көлемін толықтыруға мүмкіндік беретін экологиялық таза өнім", - деп толықтырды Ошурбаев.
Оның айтуынша, эксперимент жасанды жаңбыр шақыру жоспарланбаған аймақтарда құрғақшылыққа әкеп соқпайды.
Мән-жайы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының басшысымен кездесуі барысында Қазақстанда су тапшылығын шешу үшін жасанды жаңбыр жобасы іске қосылатыны белгілі болды.
Түркістан облысында БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен бірлесіп, су қоймаларын толтыру деңгейін арттыру және ауыл шаруашылығы алқаптарын су ресурстарымен қамтамасыз ету үшін жасанды жауын шақыру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаны толыққанды іске қосу 2026 жылғы 17 мамырға жоспарланған.
Қазақстан өңірде жасанды жаңбыр технологияларын практикалық қолдануға көшкен алғашқы ел болғаны атап өтілді.