Экс-прокурордың әлеуметтік желідегі сөздері қолданушылардың жағасын ұстатты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Экс-прокурордың әлеуметтік желідегі сөздері қолданушылардың жағасын ұстатты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР Бас прокуратурасы АҚШ-тағы террорлық актілерді ақтаған Бауыржан Есеновтың әлеуметтік желілерде жазған пікірлеріне қатысты мәлімдеме жасады.
"Есенов прокуратура органдарының қызметкері емес. Ол 2007-2012 жылдар аралығында прокуратура органдарының қызметінде болған. 2012 жылдың қыркүйегінде Бас көлік прокурорының бұйрығымен Есенов Жамбыл облысы көлік прокурорының көмекшісі қызметінен босатылып, кезектен тыc аттестация қорытындысы бойынша қызметке сәйкессіздік ретінде прокуратура органдарынан жұмыстан шығарылған", - делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ал Есеновтың жариялаған материалдарының процессуалдық шешім қабылдау үшін құзырлы органға жолданғаны айтылады.
Бас прокуратураның мәлімдеме жасауына Facebook әлеуметтік желісінің қолданушысы Никита Баевтың шағымы себеп болған. Ол экс-прокурордың пікірлеріне наразылық білдірген.
Нақтырақ айтқанда, прокуратураға шағым түсірген Никита Баев Бауыржан Есеновтың АҚШ-тағы гей-клубта болған атысқа қатысты пікіріне наразы болды. Полицияға хабар берген қолданушы қорлық мәндегі сөзді прокуратура қызметкері жазды деп атаған еді.
Айта кетейік, мұнда мәселе Орландода 12 маусымда болған теракт жайлы болып отыр. АҚШ азаматы Омар Матин гей-клубта 50 адамды атып өлтірген болатын. Сонымен қатар, 53 адам зардап шекті. Шабуылшыны полицейлер өлтірді. CNN мәліметінше, Орландодағы оқиға АҚШ тарихында бұрын-соңды болмаған ірі қырғын саналып отыр.
Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық гей-клубта болған қырғынды ислам радикализмімен байланыстырған болатын.
Кейін Нұрсұлтан Назарбаев Орландодағы гей-клубта болған терактіге байланысты АҚШ президенті Барак Обамаға көңіл айту жеделхатын жолдады.