Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 333.32
EUR / KZT - 392.58
CNY / KZT - 50.02
RUB / KZT - 5.64

Елімізде бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы қаңтардан бастап 40 пайызға өсуі мүмкін - ҚР ДСӘДМ

10 Қараша 2015, 17:28
1

Қазақстанда еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу нәтижесінде 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызметкерлердің түрлі санаттарының еңбекақыларын 40 пайызға дейін арттыру күтіліп отыр, - деп мәлімдеді бүгін Астана әкімдігінде өткен кеңесте денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі ҚР премьер-министрінің сайтын сілтеме жасай отырып хабарлайды. 

"Денсаулық сақтау жүйесінде жаңа жүйені енгізуді ескере отырып, еңбекақыны арттыру көзделуде, денсаулық сақтау саласында - 7 пайыздан 28 пайызға дейін, білім беру саласында - 15 пайыздан 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт және өзге салаларда - 15 пайыздан 40 пайызға дейін", - деді Тамара Дүйсенова.

Сонымен бірге, ол түсіндіріп өткендей, өсім қызметкердің білім, біліктілік, жұмыс өтілі деңгейіне байланысты әртараптандырылады. Оның мәліметінше, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін жүзеге асыруға бюджетте 272,6 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылады, оның ішінде 229 миллиард теңгеге жуығы мақсатты трансферлер ретінде жергілікті атқарушы органдарға еңбекақы төлеуге жұмсалады.

"Енгізілетін жүйені ескере отырып, мұғалімнің лауазымдық қызметақысының 61 пайызы негізгі жалақыдан тұрса, ал 38,8 пайызы үстемеақы болмақ. Дәл солай дәрігерлерде 59 пайызы - лауазымдық қызметақы, 39,1 пайызы - үстемеақы", - деп түсіндірді ведомство басшысы.

"Жалпы, жаңа жүйені енгізу, лауазымдарды бірінші санаттан басқасына ауыстыру өз нәтижесін берді. Осылайша, егер жоғары білімді жоғары санатты мұғалім еңбекақы төлеудің қазіргі жүйесі бойынша 75543 теңге алса, жаңа үлгі бойынша ол 89193 теңге алады. Яғни, өсім 18 пайызды құрайды", - деді Дүйсенова.

Ведомствода өкілдерінің мәліметінше, елімізде 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтық қызметшілердің еңбекақысын төлеу жүйесінің жаңа үлгісі енгізіледі. Аталған үлгіде азаматтық қызметшілерді біліміне, біліктілігіне, атқаратын қызметінің күрделілігі мен дәрежесіне қарай төрт санатқа бөлу көзделген:

Бірінші санатқа ұйымның даму стратегиясы үшін жауап беретін және басқару шешімдерін қабылдайтын басқарушы персонал блогы (A блогы) жатады. Аталған блогқа ұйым басшылары мен басшылардың орынбасарлары, ұйымдардың бағыну деңгейіне тәуелді (республикалық, облыстық, аудандық) құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен басшылардың орынбасарлары кіреді.

Екінші блогқа ұйымның негізгі функцияларының іске асырылуын қамтамасыз ететін, негізгі персонал блогы (B блогы) кіреді. Бұл блогқа дәрігерлер, мұғалімдер, ғылыми қызметкерлер, әлеуметтік қызметкерлер, ЖОО оқытушылары және ұйымның негізгі функцияларын орындайтын басқа да қызметкерлер кіреді. Аталған қызметкерлер үшін үш қызмет саласы: "Денсаулық сақтау" "Білім беру" және "Өзге де салалар" бойынша лауазымдық жалақыларды саралап есептеуді енгізу ұсынылады.

Үшінші блок - әкімшілік-құқықтық және шаруашылық функцияларын орындайтын әкімшілік персонал блогы (C блогы). Лауазымдардың аталмыш блогы заңгерлерді, есепшілерді, экономистерді, аудармашыларды, шаруашылық қызметінің меңгерушілерін және тағы да басқаны қамтиды.

Төртіншісі - қосалқы және техникалық функцияларды іске асыратын қосалқы персонал блогы (D блогы). Бұл блогқа іс қағаздарын жүргізушілер, архивариустер, кассирлер, коменданттар мен хатшылар жатқызылады.


Нравится
Поделиться
Пікірлерді көру (1)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай