1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Елордада індет жұқтырған 1 мыңнан астам науқас емделіп шықты

Нұр-Сұлтан қаласында 1 мыңнан астам науқас коронавирустан айықты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Шаһарда 1 077 дәрігер індетпен күресіп жатыр. Елорда бойынша COVID-19 вирусын жұқтырған 1 820 адам тіркелген.

"Бүгінде коронавирус статистикасы оң нәтиже көрсетті: емделіп шыққандар саны күн санап өсіп жатыр. Елордада 1 мыңнан астам адам індеттен емделіп шықты", - делінген хабарламада.

Қазіргі таңда Нұр-Сұлтанда күн сайын коронавирус инфекциясының алдын алуға және тарауына жол бермеуге бағытталған жоспарлы іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Қауіпті инфекциямен күреске қала бойынша 1 077 дәрігер тартылды. Олардың айтуынша, індетке немқұрайлы қарау оның қайта өршуіне алып келуі мүмкін.

"Мұндай жағдай болмас үшін дәрігерлер ұсынған талаптарды қатаң сақтау керек. Негізгі ережелер, бұрынғыдай: қоғамдық көлікте, адамдар көп жиналатын орындарда, саябақтарда, сауда үйлерінде маска тағу және антисептик пайдалану. Дәрігерлер кезекте, дүкенде немесе саябақта серуендегенде, үй-жайларда маска тағу режимін сақтау, топтанып жиналмау, өздерін және айналасындағыларды қорғау өте маңызды екенін атап өтті", - делінген хабарламада.

Қалыпты өмірге тезірек оралу әрбір қазақстандықтың жауапкершілігіне тікелей байланысты.

Тәртіп сақшылары еріктілермен бірге қала бойынша күнделікті рейд жүргізеді. Мобильді топтар қалалық саябақтарды, скверлерді, сауда үйлерін, автобустарды патрульдейді және тұрғындарға карантин режимін сақтау, маска кию қажетін түсіндіреді.