Шетелден ақша аударымдарының аймақ елдері экономикасындағы рөлі айтарлықтай ерекшеленеді. Қазақстанда олардың көлемі ЖІӨ-нің 0,1 пайызын, Өзбекстанда 14,4 пайызын, ал Тәжікстанда шамамен 48 пайызын құрайды. Finprom.kz сарапшылары трансшекаралық аударымдардың ерекшеліктеріне назар аударды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстаннан жіберілетін ақша алынатын сомадан көп
2026 жылдың қаңтар–сәуір аралығында Қазақстаннан ақша аудару жүйелері арқылы шетелге 184,4 миллиард теңге жіберілді. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 190,5 миллиард теңге болған еді.
Басқа елдерден келген түсімдер көлемі де 67,7 миллиардтан 63,1 миллиард теңгеге дейін азайды. Осылайша, төрт ай ішінде Қазақстаннан шетелге жіберілген ақша елге келген қаражаттан үш есеге жуық көп болды.
Мұндай арақатынас көптеген жыл бойы байқалып келеді. Бұл сырттан келетін ақша аударымдарының үлесі Қазақстан экономикасы ауқымында салыстырмалы түрде шағын екенін көрсетеді.
Қазақстаннан ақша қайда аударылады?
Ресей негізгі бағыт болып қала береді. 2026 жылдың қаңтар–сәуір аралығында бұл елге 79,5 миллиард теңге аударылды, ал бір жыл бұрын бұл сома 66,5 миллиард теңге болған еді.
Екінші орында Өзбекстан (32,6 миллиард теңге), үшінші орында Түркия (31,3 миллиард теңге) тұр. Сонымен қатар Грузия, Қырғызстан, Қытай, Әзербайжан және Арменияға қомақты сомалар жіберілген.
Қазақстанға ең көп ақша Ресейден түсті - 14,2 миллиард теңге. АҚШ-тан 10,6 миллиард, Түркиядан 8,1 миллиард, Өзбекстаннан 6,7 миллиард теңге аударылды.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы аударымдар
Сарапшылар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара аударымдарды бөлек қарастырды. 2026 жылдың алғашқы төрт айында Қазақстаннан көрші елге 32,6 миллиард теңге жіберілсе, кері бағытта 6,7 миллиард теңге түскен. Бірінші көрсеткіш екіншісінен бес есеге жуық жоғары болды.
Мұндай арақатынас ұзақ жыл бойы сақталып келеді. Мәселен, 2015 жылдың қаңтар-сәуір аралығында Қазақстаннан Өзбекстанға 11,3 миллиард теңге аударылып, 2,4 миллиард теңге алынған. 2021 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 56,1 миллиард және 16,3 миллиард теңге болды.
Аударымдар әртүрлі елде қандай рөл атқарады?
Дүниежүзілік банк мәліметінше, 2024 жылы әлем бойынша алынған ақша аударымдарының орташа көлемі ЖІӨ-нің 0,8 пайызын құрады. Бұл ретте кейбір елдерде мұндай түсімдер экономикада айтарлықтай үлесті иеленеді.
Ең жоғары көрсеткіш Тәжікстанда тіркелді, онда ақша аударымдарының көлемі ел ЖІӨ-нің 47,9 пайызына тең болды.
Сонымен қатар жоғары көрсеткіштер Қырғызстанда (2022 жылғы соңғы қолжетімді деректер бойынша ЖІӨ-нің 26,6 пайызы), Непалда 26,2 пайыз, Гондураста 25,7 пайыз, Самоа мен Сальвадорда 24 пайыздан белгіленді.
Өзбекстанда шетелден келетін аударымдар ЖІӨ-нің 14,4 пайызын құрады. Ел мұндай түсімдердің үлесі ең жоғары әлемдегі топ-15 мемлекет қатарына енді.
Салыстырмалы түрде: Грузияда ақша аударымдары ЖІӨ-нің 11,9 пайызын, Молдовада 10,5 пайызын, Украинада 6,3 пайызын, Арменияда 4,9 пайызын құрады.
Инфографика: Finprom.kz
Деректер нені көрсетеді?
Қазақстанда 2024 жылы алынған аударымдар көлемі ЖІӨ-нің 0,1 пайызын құрады, бұл Ресейдегі көрсеткішпен бірдей. Кейінгі онжылдықта бұл көрсеткіш елімізде 0,1–0,3 пайыз аралығында болды.
Өзбекстанда осы уақыт ішінде аударымдар үлесі 2014 жылғы ЖІӨ-нің 8,4 пайызынан 2024 жылы 14,4 пайызға дейін өсті.
Қазақстанда мұндай аударымдар негізінен жеке трансшекаралық есеп айырысу арнасы болып отыр. Бұл ретте шетелден келетін түсімдер көлемі елдің ЖІӨ-іне қатысты алғанда онша көп емес.
"Қазақстан үшін бұл, ең алдымен, жеке трансшекаралық есеп айырысу арнасы: ел шетелге алған қаражатынан көбірек қаржы жібереді, ал сырттан келетін аударымдардың экономика ауқымында айтарлықтай салмағы жоқ" - деп атап өтті сарапшылар.