Қазақстан Энергетика министрлігі Теңіз кен орнындағы жағдайға қатысты пікір білдірді. Ведомство мұнай өндірісінің уақытша азаюына әкеп соққан ақау шыққанын растады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бейінді министрлік мәліметінше, қазіргі уақытта компания қажетті жедел шараларды қабылдап жатыр және кен орнындағы өндіру процесі "қалпына келтіру сатысында".
"Қызметкерлер, халық және қоршаған орта үшін ешқандай қауіп тіркелген жоқ. Қазіргі жағдай Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында", – деп мәлімдеді министрдің кеңесшісі – энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаева.
Ал "Теңізшевройл" компаниясы өзі бұл ақауды "болмашы" деп сипаттап, егжей-тегжейін ашып айтпады.
Теңіздегі басқа оқиғалар
18 қаңтарда Теңіз кен орнында өрт шықты.
26 қаңтарда Энергетика министрлігі Королевское кен орны іске қосылғанын хабарлады. 31 қаңтарда Теңізде мұнай өндіру қайта басталды.