Еуропа Қазақстанға сенім артып отыр - сарапшылар Тоқаевтың Брюссельге сапары туралы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Еуропа Қазақстанға сенім артып отыр - сарапшылар Тоқаевтың Брюссельге сапары туралы Ақорданың баспасөз қызметінің фотосы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге сапары кейінгі айлардағы ең елеулі сыртқы саяси оқиғалардың бірі болды. Еуроодақ басшылығымен өткен кездесулерде виза режимі, миллиардтаған еуро инвестиция, авиация, аса маңызды минералдар, логистика және Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы дәнекер рөлі талқыланды.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге сапары кейінгі айлардағы ең елеулі сыртқы саяси оқиғалардың бірі болды. Еуроодақ басшылығымен өткен кездесулерде виза режимі, миллиардтаған еуро инвестиция, авиация, аса маңызды минералдар, логистика және Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы дәнекер рөлі талқыланды.

Tengrinews.kz тілшісімен әңгімелесу барысында сарапшылар бір пікірге тоқталды: бұл жай ғана хаттамалық сапар емес, Қазақстанды халықаралық байланыстардың жаңа жүйесінде бекіту әрекеті. Онда Еуропаға сенімді серіктестер, баламалы бағыттар мен тұрақты жеткізу тізбегі көбірек қажет.

Жаңа кезең бе әлде ескі курстың жалғасы ма?

Сыртқы саясат жөніндегі сарапшы Тайыр Нығманов сапар қорытындысы бойынша Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың жаңа сапасы туралы айтуға болады деп есептейді.

Оның айтуынша, Президент сапарының маңызды ерекшелігі - келіссөздер жекелеген еуропалық елмен емес, бүкіл Еуроодақ басшылығымен жүргізілді. Қазақстан тарапынан Қасым-Жомарт Тоқаев, еуропалық тараптан Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта және Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен қатысты.

Ақорда баспасөз қызметінің фотосы

"Біз ынтымақтастықтың жаңа сапасы туралы айта аламыз. Бұл Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы бірлескен мәлімдемеде де ерекше атап өтілді. Тараптар серіктестіктің стратегиялық деңгейде екенін мәлімдеді", - деді Нығманов.

Саясаттанушы Эльданиз Гусейнов бұл мәселеге байыппен қарауды ұсынады. Оның пікірінше, бұл - күрт бетбұрыс емес, қолданыстағы курсты нығайту.

"Сапалық ілгерілеу бар: басты назар шикізат жеткізуші рөлінен өңдеуге, көлік пен ұтқырлыққа ауысып жатыр. Бірақ бұл шарттық базаны қайта іске қосу емес, оның эволюциясы", - деп есептейді ол.

Сарапшы, Maqsut Narikbayev University Басқарма төрағасының халықаралық байланыстар және бастамалар жөніндегі кеңесшісі Мирас Жиенбаев да сапардың маңыздылығы тек бару фактісімен ғана емес, Еуроодақтың оған қалай жауап бергенімен де анықталатынын айтады.

"Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта мен Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйеннің жеке қатысуы - бұл жай ғана хаттамалық қимыл емес, маңызды саяси белгі", - дейді Жиенбаев.

Оның айтуынша, бұл белгі тек Қазақстанға ғана емес, елдің басқа да халықаралық серіктестеріне де бағытталған.

Неліктен Еуропаның Қазақстанға деген қызығушылығы артып отыр?

Сарапшылар ЕО-ның Қазақстанға деген жоғары назарын жаңа геосаяси шындықпен байланыстырады. Еуропа бұрынғы бағыттарға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін тұрақты жеткізу тізбегін, жаңа шикізат көздерін және баламалы маршруттарды іздеп жатыр.

Тайыр Нығманов Қазақстанның сыртқы саясатының болжамдылығымен тиімді ерекшеленетінін атап өтті.

"Ол көпвекторлылық, достық, бейбітсүйгіштік, дипломатияға ұмтылыс және прагматизм принциптеріне негізделген. Қазіргі геосаяси белгісіздік жағдайында бұл өте маңызды", - дейді сарапшы.

Өз кезегінде Гусейнов ЕО-ның Қазақстанға деген қызығушылығы көбіне Еуропаның басқа ірі ойыншылармен сауда қатынастарына байланысты деп есептейді.

"Мұнда екі қозғаушы күш бар: 2022 жылдан кейін Ресейдің энергия тасымалдаушылары мен шикізатын алмастыру және маңызды шикізатты жеткізу тізбегінің Қытайға тәуелділігін төмендету. Қызығушылық конъюнктуралық емес, ұзақ мерзімді сипатқа ие", - деп атап өтті саясаттанушы.

Саясаттанушы Мирас Жиенбаев бүгінде Еуроодақ іс жүзінде өзінің сыртқы саясатын қайта құрып жатқанын айтады. Оның айтуынша, Еуропа бұрынғыдай дәстүрлі альянстарға сене алмайды және жаңа тірек нүктелерін іздеуге мәжбүр.

"Қазақстан - әлемдік ірі ойыншылар бір нарықта өзара әрекеттесуді жалғастырып жатқан әлемдегі санаулы юрисдикциялардың бірі. Бұл елдің субъектілігін нығайтады және оны тек Еуропа үшін ғана емес, басқа да күш орталықтары үшін маңызды серіктеске айналдырады", - деп есептейді ол.

Қазақстан - Еуропа мен Азия арасындағы көпір

Сапардың негізгі тезистерінің бірі Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы басты көпір болуға ұмтылысы болды.

"Біз инфрақұрылымға, соның ішінде мыңдаған шақырым жаңа теміржол құрылысына және Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға қомақты қаражат салып жатырмыз. Бұл күш-жігер Еуропалық одақтың Global Gateway стратегиясымен үндесіп, Орта дәлізді қауіпсіз еуразиялық қатынас үшін негізгі және тұрақты магистральға айналдырады", - деді Мемлекет басшысы Брюссельдегі "Қазақстан - ЕО" дөңгелек үстелі барысында.

Тайыр Нығманов бұл мақсатты нақты деп санайды, бірақ мынаны нақтылайды: бұл жерде ең алдымен құрлықтық көпір туралы сөз болып отыр.

"Бұл қол жеткізуге болатын мақсат. Тек құрлықтық көпір екенін ескеру керек. Теңіз саудасы бәрібір ең арзан болғандықтан негізгі болып қала береді. Бірақ барлық жұмыртқаны бір себетке салуға болмайды", - дейді ол.

Оның айтуынша, теңіз тасымалы Суэц каналының төңірегіндегі жағдайдан бастап Таяу Шығыстағы шиеленіске дейінгі өсіп келе жатқан қауіп-қатерлерге тап болған. Сондықтан Еуропаға баламалы маршруттар қажет, ал бұл логикада Қазақстан маңызды транзиттік бағытқа айналған.

Эльданиз Гусейнов Қазақстанның мұндай рөл үшін географиялық негізі бар деп санайды, бірақ инфрақұрылымдық мүмкіндіктердің әзірге шектеулі екенін ескертеді.

"Қазақстан таптырмас екінші дәліз бен өңдеу торабына айнала алады, бірақ ол солтүстік бағыттың айнадағыдай көшірмесі бола алмайды. Бұдан да үлкен нәтижелерге жету үшін декларациялар емес, нақты физикалық инфрақұрылым қажет", - дейді ол.

Сонымен бірге Мирас Жиенбаев көлік көпірі идеясының бүгін ғана пайда болмағанын баса айтады. Оның сөзінше, Қазақстан бұл саясатты жылдар бойы дәйекті түрде дамытып келеді.

"Бұл идея биыл ғана, сапар қарсаңында немесе дәл қазір пайда болды деп айтуға болмайды. Бұл - 10 жылдан астам, іс жүзінде 20 жылға жуық уақыт бойы қалыптасқан дәйекті мемлекеттік саясат", - деп атап өтті сарапшы.

Ол қазіргі уақытта Ақтау және Құрық порттарының, теміржол инфрақұрылымының, жүк тиеу және мультимодальды бағыттардың ерекше маңызға ие болып отырғанын айтады.

"Егер ірі экономикалар бір-біріне тікелей жете алмаса, оларға болжамды тораптық нүктелер қажет. Бұл тұрғыда Қазақстан нақ сондай торап", - деп есептейді Жиенбаев.

Виза режимі: визасыз режим емес, бірақ маңызды қадам

Сапардың ең көп талқыланған тақырыптарының бірі ЕО-мен виза режимін либерализациялау болды.

Гусейнов мәселенің визасыз режим емес, қысқа мерзімді Шенген визаларын беруді жеңілдету туралы екенін қадап айтты.

"Бизнес, студенттер мен отбасылар үшін мұның практикалық құндылығы жоғары, бірақ үмітті шектей білу керек: визасыз кіру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ", - дейді ол.

Жиенбаев Еуропалық Одақ ішіндегі процестің күрделі екенін түсіндіреді: Еурокомиссияға ЕО-ға мүше мемлекеттердің келісімі қажет, содан кейін ғана құжаттар ішкі рәсімдерден өтеді.

"Қазір Қазақстан жолдың едәуір бөлігін жүріп өтті. Жеңілдету дегеніміз - виза алу процедурасы қарапайым әрі жылдам болуы тиіс, ал бюрократиялық жүктеме азаюы керек", - деп атап өтті сарапшы.

Оның айтуынша, бұл Қазақстан мен Еуропа арасындағы білім беру, бизнес, жұмыс және туризм салаларындағы адами байланыстарды нығайтуы мүмкін.

Инвестициялар, авиация және жаңа ұшақтар

Сапардың экономикалық бөлігі де шешуші бағыттардың бірі болды. Тараптар авиация, көлік, логистика, цифрландыру және өнеркәсіпті қоса алғанда, миллиардтаған еуроны құрайтын жобаларды талқылады.

Нығманов уағдаластықтардың бір бөлігін қазақстандықтар тікелей сезіне алады деп санайды.

"Адамдар жаңа әрі жайлы ұшақтармен ұшып, заманауи әуежайлардың қызметін пайдаланатын болады. Бұл - азаматтардың өмір сүру сапасын тікелей жақсарту", - дейді ол.

Жиенбаев еуропалық инвестициялар - бұл ең алдымен Еурокомиссияның тікелей нұсқауы емес, жеке бизнестің шешімі екеніне назар аудартады.

"Еуропалық жеке капитал Қазақстанды инвестициялар үшін тұрақты әрі қауіпсіз бағыт ретінде көреді. Белгісіздік кезеңінде бизнес консервативті тетіктерді таңдайды, сондықтан Қазақстанға инвестиция салуға дайын болуы - сенімнің белгісі", - деп санайды сарапшы.

Оның сөзінше, еуропалық компанияларды көлік, логистика, инфрақұрылым, цифрландыру, жасанды интеллект және өнеркәсіптік өңдеуге қатысты жобалар қызықтырады.

Сни маңызды минералдар: "жаңа мұнай"

Қазақстан мен ЕО қарым-қатынасында аса маңызды материалдар саласындағы ынтымақтастық ерекше орын алады.

Тайыр Нығманов мұндай ресурстарды "жаңа мұнай" деп атайды, өйткені жоғары технологиялық салалардың дамуы соларға байланысты.

"Сирек кездесетін металдар мен аса маңызды материалдар жаңа мұнайға айналуда. Олар ғарыш өнеркәсібінде, микрочиптер өндірісінде және жасыл технологияларда қолданылады. Оларсыз ешқайда бара алмайсыз", - дейді сарапшы.

Гусейнов бұл ЕО үшін өнеркәсіптік қауіпсіздік және Қытайға тәуелділікті азайту мәселесі болса, ал Қазақстан үшін құн тізбегінде жоғары көтерілу мүмкіндігі екенін атап өтті.

"Стратегиялық мән өзара тәуелділікте: ЕО шикізатты әртараптандыруға қол жеткізеді, ал Қазақстан - индустрияландыруға ие болады", - деп есептейді ол.

Жиенбаев Қазақстан үшін шикізатты өндіріп қана қоймай, ел ішінде өңдеу өндірісін құру маңызды екенін баса айтады.

"Мәселе кенді ең төменгі деңгейде өңдеп сатуда емес. Қазақстан қайта өңдеу кәсіпорындарын салуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүдделі", - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, мұндай жобалар өңірлер үшін мультипликативті әсер беруі мүмкін: жаңа жұмыс орындары, логистика, сервистік қызметтер, мамандар даярлау және өнеркәсіптік кластерлерді дамыту.

Таңдау жасамай-ақ көпвекторлы болу

Сарапшылар ЕО-мен ынтымақтастықты тереңдету Қазақстанның көпвекторлы саясаттан бас тартуын білдірмейтініне сенімді.

Нығманов Қазақстанның әртүрлі күш орталықтарымен қарым-қатынасты дамытуды жалғастырып жатқанын еске салды.

"Біздің көпвекторлылығымыздың мозаикасы осылай құралады. Қазақстан қандай да бір нақты бағыттан бас тартпайды, керісінше барлық бағыт бойынша прагматикалық ынтымақтастық пен өзара тиімді серіктестік орнатуға тырысады", - дейді ол.

Саясаттанушы Мирас Жиенбаев дәл осындай ашықтық Қазақстанды серіктестер үшін тартымды етеді деп есептейді.

"Қазақстан өзін ашық юрисдикция ретінде танытып отыр, ешбір елден оқшауланбайды, барлығымен тең дәрежеде қарым-қатынас орнатады және кімге болса да қарсы топтаспайды", - деп атап өтті ол.

Түйін

Сарапшылардың пікірінше, сапардың басты нәтижесі тек қол қойылған келісімдер мен жасалған мәлімдемелерде ғана емес. Қазақстан жаңа халықаралық жағдайда Еуроодақтың сенімді серіктесі ретіндегі рөлін нығайтуға тырысып жатыр: транзиттік хаб, стратегиялық ресурстарды жеткізуші, инвестициялар үшін алаң және сыртқы саясаты болжамды мемлекет ретінде.

Бұл ретте көп нәрсе келісімдердің іс жүзінде қалай орындалатынына байланысты болады: инфрақұрылымды дамыту, өндірістерді іске қосу, визалық процедураларды жеңілдету және Қазақстанның Еуропаның қызығушылығын ұзақ мерзімді экономикалық нәтижелерге айналдыра алу қабілеті.

Сондықтан Брюссельге жасалған сапарды соңғы нүкте емес, ынтымақтастықтың нақты жобалар, қаржы, маршруттар мен күтулер қамтылған неғұрлым мазмұнды кезеңінің бастауы ретінде қарастыруға болады.

Читайте также

Валюта бағамы

 486.89   552.33   6.51 

 

Ауа райы

Алматы
А
Алматы +28
Астана +28
Ақтау +27
Ақтөбе +23
Атырау +26
Б
Балқаш +29
Ж
Жезқазған +26
Қ
Қарағанды +25
К
Көкшетау +23
Қ
Қостанай +33
Қызылорда +29
П
Павлодар +26
Петропавл +28
С
Семей +27
Т
Талдықорған +28
Тараз +32
Түркістан +23
О
Орал +25
Ө
Өскемен +30
Ш
Шымкент +28

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер