Қызылорданың облыстық перинаталдық орталығында жаңа босанып ВИЧ індетін жұқтырған әйелдің оқиғасына қатысты тың мәліметтер белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, перзентханада қан құю процедурасынан кейін болған жоспарлы тексеріс кезінде әйелден ВИЧ инфекциясы анықталған. Қазір ол ВИЧ инфекциясының алдын алу жөніндегі облыстық орталықтың бақылауында қажетті медициналық көмек алып жатыр.
"Қазіргі таңда нәрестенің ВИЧ (адам иммун тапшылығы вирусы) жұқтыру көрсеткіші теріс нәтиже көрсетіп отыр. Дегенмен, сәби 1,5 жасқа толғанда ғана оның нақты жұқтырған-жұқтырмағаны анықталады. Эпидемиологиялық зерттеу барысында қан құюға пайдаланылған барлық донорлардың ВИЧ-тест нәтижелері теріс болғаны анықталды. Қазір бұл жағдайға байланысты тергеу жүріп жатыр және донорларды қайта тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тексеру нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беріледі", – деп хабарлады ведомство Tengrinews.kz сұрауына.
Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасы қан алушы барлық пациенттер міндетті түрде ВИЧ инфекциясына тексеруден өтетінін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында босанғаннан кейін ауыр халде болған әйелге 12 донордың қаны құйылғаны туралы ақпарат тараған еді. Арада бір ай өткен соң одан ВИЧ инфекциясы анықталғаны белгілі болған болған еді.
Кейін Мәжіліс кулуарында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Бұл жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Тиісті тергеу жүргізіліп жатыр. Ешкімнің жауапқа тартылмағаны жайлы әзірге ештеңе дей алмаймыз", – деді министр.
Осы оқиғаға байланысты Қызылорда облыстық полиция департаменті медицина қызметкерінің кәсіби міндетін тиісті деңгейде орындамауы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!