Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 332.80
EUR / KZT - 390.57
CNY / KZT - 49.88
RUB / KZT - 5.60

Жириновскийдің мәлімдемелеріне саяси баға беру қажет - депутаттар

02 Қыркүйек 2014, 16:07
0
Владимир Жириновский. ©РИА Новости
Владимир Жириновский. ©РИА Новости

Қазақстандық депутаттар ел билігі ЛДПР жетекшісі, депутат Владимир Жириновскийдің арандатушы мәлімдемелерін назардан тыс қалдырмауы керек деп есептейді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Жириновскийдің сыпайылықтың ғана емес, мемлекеттік саясаттың да аясынан шығып кететін соңғы мәлімдемесіне қандай да бір әрекет болуы керек деп ойлаймын. Ол таразыланған, салмақты болуы керек және "өзің ақымақ" деген дәрежеде болмауы тиіс", - деді "Ақ жол" партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев Парламенттің жаңа сессиясының ашылуынан соң.

Жириновский сияқты саяси фигураның "суға салса батпайтындығының" себебін Перуашев былай түсіндіреді: "Не Жириновский өз жанынан қосып айтады немесе бұл саналы арандату". "Оның мәлімдемесіне қараңыз: "Біз Украина мәселесін талқылап алайық, содан кейін Қазақстанды қолға аламыз. Бұл - тікелей арандату және ол қарапайым адамның емес, Мемлекеттік дума депутатының аузынан шығып отыр. Сондықтан бізге мұндай жайттарға әрекет қылып, оған дер кезінде саяси бағасын беру қажет", - деді "Ақ жол" партиясының төрағасы.

Ол Жириновский Ресейдегі кейбір күштердің, ахуалды одан әрі тұрақсыздандыруды көздейтін көңіл күйдің өкілі деп есептейді. Депутаттың айтуынша, бұл - Ресейдің мемлекеттік еркі не Ресей мемлекеттік саясатының желісі емес, бұл - Ресей президенті Владимир Путин жүргізіп отырған саясатқа қысым көрсету әрекеті.

Жириновскийдің мәлімдемелерін назардан тыс қалдырмау керектігін "Халықтық коммунистер" фракциясының депутаты Тұрсынбек Өмірзақов та қолдайды. "Жириновский мемлекетте жоғары лауазымда отырып жауапсыз мәлімдемелер жасайды, ол сол үшін тиісті жауапкершілікке тартылуы тиіс. Біз оның көптеген ақымақ мәлімдеме жасайтынын көріп отырмыз. Біз оны "персона нон-грата" деп танимыз және оны бізге кіргізбейміз. Мен оған қандай да бір қоғамдық айыптау болуы керек деп ойлаймын. Ондай мәлімдемелердің жолын кесіп, сол елге немесе оның үкіметіне тиісті нота тапсыру қажет. Келесіде мұндай қадамға бармау керектігін білуі үшін, өз одақтастарына қарсы ақымақ мәлімдемелер жасамауы үшін ондай мәлімдемелерге міндетті түрде тиісті деңгейде әрекет ету керек", - деді Өмірзақов.

Бұрынғы сенатор Ғани Қасымов та мұндай арандатуларға тиісті деңгейде жауап беру қажет деп санайды. "Оның Қазақстанға қатысты экстремистік мәлімдемесі де бар. Біз оған тойтарыс бермей, "оның дені дұрыс емес адам" деп жатамыз. Егер есі дұрыс емес адам саяси әрекеттерге жауапты болса, ол елдің саяси жүйесіне араласатын болса, ол биліктің өкілі болса ше? Міне, әңгіме қайда жатыр. Қоғамда шиеленісті болдырмау үшін біз кәсіби, саяси деңгейде лайықты баға бере алуымыз, оған әрекет ете алуымыз қажет", - дейді Қасымов.

Саясаткерлер Жириновскийдің "Эхо Москвы" радиосына берген сұхбаты мен Ресей президентінің қазақ мемлекеттілігі туралы пікіріне қатысты да ойларын айтты.

"Қазақстанның мемлекеттілігі, қазақ мемлекеттілігі жалпы әлемге белгілі, ол - біздің тұтас тарихи дәуіріміз, ол - барлық тарихи ескерткіштерге жазылған терең тамырымыз, ол тарихтың барлық қабатында мойындалған, оны әлем елдері тарихшылары бекіткен. Сондықтан Қазақстан кеңістігінде болған мемлекеттік құрылымдарды жоққа шығару, оған күмән келтіру ақылға сыймайды және жоғары деңгейдегі саясаткерлер үшін күлкілі жайт", - деді Қасымов.

Депутат Перуашев та бұрын болған қазақ мемлекеттілігі мен қазіргі мемлекетті шатастырмау керектігін айтты. Айта кетейік, ақпан айында Парламенттің үш фракциясы Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдап, Владимир Жириновскийдің мәлімдемесін ресми түрде жоққа шығаруды сұраған болатын. Ол кезде Жириновский Ресейдің Ортаазиялық федералдық округін құру қажеттігін айтқан болатын. Депутаттар бұл мәселенің әлі де ашық күйде қалып отырғанын айтты.

Бұған дейін Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Владимир Путиннің қазақ мемлекеттілігі туралы пікіріне қатысты өз ойын білдірген болатын. 

Соңғы күндері ресейлік және украиналық ақпарат құралдарында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде "Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтан шығу мүмкіндігі туралы пікірін Путиннің "Селигер-2014" жастар форумындағы сөзіне жауап ретінде айтты" деген жаңсақ ақпарат тарап жатыр. Атап айтқанда, Путиннің "Назарбаев ешқашан мемлекеттілік болмаған аумақта мемлекет құрды" деген пікірі келтіріледі. Шындығында, Путин "Селигер-2014" форумында 29 тамыз күні сөз сөйлесе, Назарбаев "Хабар" арнасына одан бұрын - 24 тамыз күні сұхбат берген болатын. 


Нравится
Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай