Каратэ әлдеқашан тек ұпай мен медаль үшін өтетін жарыс болудан қалды. Shotokan классикалық дәстүрінде бұл – "жол" (Do), яғни техника мінезбен тығыз байланысқан, ал жеңіс өзін-өзі бақылау мен қарсыласқа деген құрметтен басталатын тәртіп мектебі.
Біз каратэден Қазақстан Республикасының спорт шебері, халықаралық аренада дәлелденген жеңістері бар және ұлттық жарыстарда тұрақты нәтиже көрсетіп жүрген спортшы Низамиддин Халматовпен сұхбаттастық. Оның жетістіктері қатарында – FSKA бойынша әлем чемпионы (Ұлыбритания, 2017), WKC бойынша әлем чемпионы (Сербия, 2019, командалық бөлім), Shotokan бойынша әлем чемпионатының жүлдегері (Түркия, 2021), WKF Karate 1 Series A турнирінің қола жүлдегері (Джакарта, 2022), ересектер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2022), сондай-ақ 2021–2025 жылдардағы WKF жарыстарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарының бірнеше дүркін жүлдегері.
Низамиддин, көпшілік каратэні жай ғана спорт деп қабылдайды. Сіз үшін ол нені білдіреді?
- Каратэ – тек жарыс емес. Бұл – жүйе. Күн сайын тәртіпті, зейінді, құрметті жаттықтырасың. Татамиде тек техника емес, мінез де көрінеді. Каратэ эмоцияны басқаруды және қысымға төтеп беруді үйретеді.
Shotokan бағытының ерекшелігі неде?
- Shotokan – негіз. Мұнда әр қозғалыстың дәлдігі мен мағынасы маңызды: тұрыс, қашықтық, тайминг. Бұл – жай ғана күш емес. Кумитэде секундтың үлесі шешуші рөл атқарады – реакция, есеп, бақылау. Ал катада форманың тазалығы, тепе-теңдік пен тыныс маңызды.

Каратэнің негізгі қағидалары қандай?
- Құрмет пен өзін-өзі бақылау. Каратэде рэй ұғымы бар – қарсыласқа, жаттықтырушыға, ережеге құрмет. Дзансин – тұрақты зейін, әрекетке дейін, әрекет кезінде және кейін жағдайды бақылау. Ал кихон – база. Негіз мықты болмаса, әдемі жеңіс те болмайды.
Ката мен кумитэнің айырмашылығы неде?
- Кумитэ – нақты қарқында тексеріс: реакция, қашықтық, тәуекел, шешім. Ал ката –каратэнің тілі сияқты, онда қозғалыстың логикасы мен принциптері бар. Ката тәртіпке үйретеді: қателікті жасыра алмайсың. Кез келген дәлсіздік бірден байқалады.
Халықаралық турнирлердің деңгейі өзгеше ме?
- Әрине. Онда бәсекелестік жоғары, қысым күшті, психологиялық тұрақтылық қажет. Ережені түсіну, жекпе-жек динамикасын сезіну, қарсыласқа бейімделу маңызды. Жоғары деңгейде эмоцияға берілген емес, бақылауды сақтай алған спортшы жеңеді.

Сіз профильдік білім алып, WKF семинарларына қатысқансыз. Бұл қаншалықты маңызды?
- Бұл дайындыққа жүйелі қарауға көмектеседі. Бүгінде каратэ – дәстүр ғана емес, спорт ғылымы: жаттығу әдістемесі, қалпына келу, тактикалық талдау. Семинарлар мен төрешілік бағдарламалар ресми жарыстардың талаптарын терең түсінуге мүмкіндік береді.
Каратэ философиясындағы ең бастысы не?
- Үздіксіз жұмыс. Медаль – нақты бір жарыстың нәтижесі. Ал философия – жылдар бойы қалыптасатын тәртіп, жауапкершілік және өзгеге үлгі бола білу.
Сұхбат үшін және жас спортшыларға маңызды тәжірибемен бөліскені үшін алғыс білдіремін.