1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ассамблеяның 20 жылдығына 3 миллиард теңге бөлінеді19 қараша 2014, 16:19

©Тengrinews.kz ©Тengrinews.kz

Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығын тойлауға үш миллиард теңге бөлінеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа сілтеме жасап. 

"Қазақ хандығының 550 жылдығына және Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығын өткізуге үшжылдық бюджетте қосымша 3 миллиард теңге қарастырылды. Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жалғасады, бұл мақсатқа жыл сайын үш миллиард теңгеден бағыттау жоспарланып отыр", - деді Сұлтанов Сенатта "2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" және "ҚР Ұлттық қорынан 2015-2017 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заң жобаларын таныстыру кезінде.

Сонымен бірге, ол "Қолжетімді баспана - 2020" бағдарламасын іске асыруға бөлінетін қаржы сомасын жария етті. "Бұл мақсатқа 2015-2017 жылдары 395 миллиард теңге бөлінеді, оның ішінде, 2015 жылы - 142 миллиард теңге. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2015-2016 жылдары жалға берілетін үй салуға 145 миллиард теңге бөлінеді, оның ішінде, 2015 жылы облигациялық қарыз түрінде 92,5 миллиард теңге бөлінеді", - деді ол.

Мұның алдында Мәжіліс "2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" және "ҚР Ұлттық қорынан 2015-2017 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заң жобаларын мақұлдаған болатын.