Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоғанға екі ел бірлесе іске асырып жатқан бірқатар инвестициялық жоба туралы мәлімет берілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Жоспарлар бойынша елдің әртүрлі аймақтарында зауыттар, логистикалық орталық және тау-кен байыту зауытын салу көзделген, бұл 3100-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, Абай облысында Miryıldız компаниясы кен байыту комбинатын салуға ниетті. İskefe Holding Алматы қаласында желатин шығаруды жоспарлап отыр.
Orzax Group Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар шығаратын заманауи өндірісті қолға алған. Сондай-ақ S Sistem Lojistik компаниясы "Қазпошта" акционерлік қоғамымен бірлесіп, Ақтөбе халықаралық әуежайы аумағында логистика орталығын салып жатыр.
Tiryaki Holding Астанада бидай мен асбұршақты терең өңдейтін зауыт құрылысына кіріскен.
"Аталған жобалар аясында елімізге 920 миллион доллардан астам инвестиция тартылып, 3100-ден аса жұмыс орны ашылмақ. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мемлекеттер басшыларына бүгінде түрік компанияларының қатысуымен ел экономикасының түрлі секторында 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылғанын баяндады. Олардың жалпы сомасы – 4 миллиард доллар шамасында", - делінген ақпаратта.
Ақорда ақпаратынша, қазіргі кезде құны 4 миллиард долларды құрайтын тағы 50 бірлескен жобаға қатысты жұмыс жалғасып жатыр. Бұл Қазақстан мен Түркияның инвестициялық ықпалдастығы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Еске салайық, бүгін, 14 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан - Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!