Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстанның бүкіл аумағында арнаулы салық режимінің (АСР) бірыңғай мөлшерлемелері туралы мәселеге қайта оралуды ұсынды. Бұл туралы ол бүгін Мәжілісте жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңға түзетулер талқыланған жиында айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәжілісменнің айтуынша, бүгінде бірқатар өңірдегі облыс орталықтарында АСР мөлшерлемесі 2-3 пайызға дейін төмендеген, ал аудандарда 4 пайыз деңгейінде қалған жағдай қалыптасқан.
Осыған байланысты депутат кәсіпкерлерге облыс орталықтарында тіркелу тиімдірек болып, ал аудандар ықтимал салық түсімдерінен айырылып жатқанын алға тартты.
"Нәтижесінде бүгінде жергілікті кәсіпкерлер мынадай жағдайға тап болып отыр: оларға өз өңірлерін, аудандарын табыссыз қалдырып, облыс орталығында тіркелген тиімдірек. Бұл – теңсіздік. Біз бастапқыда Салық кодексін талқылау кезінде мемлекетіміздің біртұтас қағидатына сүйене отырып, бүкіл аумақта бірыңғай мөлшерлеме енгізуді ұсынғанбыз", - деді Перуашев.
Ол бұл мәселеге кейінірек - Салық кодексіне түзетулерді талқылау кезінде қайта оралу қажеттігін айтты.
Мән-жайы
Бұған дейін жаңа Салық кодексінің жобасында оңайлатылған декларация негізіндегі АСР үшін 4 пайыздық базалық мөлшерлеме ұсынылған болатын. Сонымен қатар мәслихаттарға оны түзету құқығын беру көзделген еді, ол өңірге және қызмет түріне байланысты 2-ден 6 пайызға дейінгі аралықты құрауы тиіс болатын.
2025 жылдың сәуірінде мөлшерлеме 4 пайыз болатыны, алайда жергілікті мәслихаттар оны екі есе төмендете алатыны хабарланған еді. Дәл осы икемділік даудың өзегіне айналды, өйткені кейбір өңірде салық жүктемесі басқаларға қарағанда айтарлықтай төмен болуы мүмкін.