Қазақстан Түркияға экспортты 630 миллион долларға арттыруы мүмкін. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоғанның келіссөздері барысында мәлім болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордағы сілтеме жасап.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 8,8 пайызға өсіп, 5,4 миллиард доллардан асқаны хабарланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-саттықты әрі қарай жандандыруға қолайлы жағдай жасап, алыс-берісті әртараптандырудың маңызына тоқталды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Түркияға қазірдің өзінде 34 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны – 630 миллион доллардан асады.
Бұл ретте Мемлекет басшысы екі елдің қаржы орталықтары мен цифрлық сауда платформалары арасындағы серіктестіктің, сондай-ақ бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақ-түрік бизнес-форумының нәтижесі сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдете түсетініне сенім білдірді.
Бұған дейін Тоқаев пен Ердоған Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізді. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан Түркияны бауырлас мемлекет және маңызды және сенімді серіктес деп санайтынын атап өтті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!