Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы жинақтарын алуға арналған жеткілікті шектің алдағы уақытта көтерілуіне қатысты мәліметтерді бөлісті. Оның айтуынша, жаңа жеткілікті шек мамырдың аяғына дейін жарияланады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Министр журналистерге жеткілікті шек шынымен де көтерілетінін айтты. Бұл ретте зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға тыйым салынбайды.
"Жинақтарды алуға болады, бірақ бұл үдерісті барынша азайту керек. Өйткені, біздің талдауымызға сүйенсек, кейінгі 5 жылдың өзінде 5,7 триллион теңге несиелерге алынған, бұл қомақты үлес. Қазір бұл ресурстар банктер үшін өте тиімді екені түсінікті, алайда Еңбек министрлігінің ұстанымы – жинау қажет. Барлық елде жинақтаушы қор "жинақтау" функциясымен жұмыс істейді. Жинақ болуы тиіс. Менде де, сізде де... Біз жинақтауымыз керек", - деді Ертаев Қазақстан жұмыс берушілері қауымдастықтарының бірінші ұлттық форумы кулуарында.
Шенеунік жеткілікті шекті көтеру қазақстандықтардың болашақта зейнетақы алуы үшін қажет екенін атап өтті. Ол жеткілікті коэффициентке және сатып алу қабілетіне сәйкес келуі тиіс.
Журналистер жеткілікті шек қаншалықты көтерілетінін нақтылап сұрады.
"Ол жақта әртүрлі, жас мөлшеріне байланысты: 23-тен 35 жасқа дейін және 35 жастан 63 жасқа дейін. Өсім шамамен 79 пайызға дейін барады. Бірақ біз қазір формуланы, барлық есептеуді дайындап жатырмыз. Бұл ресми түрде жарияланады, сіздерге қолжетімді болады. Оны осы айдың аяғына дейін аяқтаймыз деп ойлаймын", - деп жауап берді Асқарбек Ертаев.
Мән-жайы
Бұған дейін біз Қазақстанда зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегін есептеу тәсілін өзгерту көзделіп отырғаны туралы жазған болатынбыз. Ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, базалық төлем және күнкөріс деңгейі ескерілетін қолданыстағы әдістеменің орнына, адамның жасын, күтілетін төлемдерді, кірістілік пен демографиялық деректерді ескере отырып, актуарлық тәсілге көшу ұсынылады.
Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу: Ұлттық банк жеткілікті шек бойынша өз ұстанымын жариялады
21 сәуірде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы жинағын алу үшін жеткілікті шек мамырда көтерілуі мүмкін екенін айтқан.
Кейін Еңбекмин жаңа жеткілікті шек бойынша ұстанымын түсіндірді