Астана да, Алматы да емес: Қазақстандағы көлік ең көп аймақ аталды

Астана да, Алматы да емес: Қазақстандағы көлік ең көп аймақ аталды Фото:depositphotos.com

Қазақстанда жеңіл көліктері бар отбасылар саны артты. Сарапшылар қай аймақтарда жеке көліктер көп кездесетінін және қай аймақтағы тұрғындардың көліктері аз екенін анықтады, деп хабарлайды Tengri Auto Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.


Қазақстанда жеңіл көліктері бар отбасылар саны артты. Сарапшылар қай аймақтарда жеке көліктер көп кездесетінін және қай аймақтағы тұрғындардың көліктері аз екенін анықтады, деп хабарлайды Tengri Auto Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.

Қай өңірлер көш бастап тұр?

Қазақстанда жеңіл автокөлігі бар отбасылар саны артып келеді. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша мұндай отбасылардың үлесі 34,8 пайызға жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 33,7 пайыз болған.

Ең жоғары автокөлікпен қамтылу деңгейі Маңғыстау облысында тіркелді. Бұл өңірде отбасылардың 59,6 пайызының жеке жеңіл автокөлігі бар.

Одан кейін Жетісу облысы келеді, мұнда көрсеткіш 56,2 пайызды құрайды. Ал Түркістан облысында отбасылардың 45,4 пайызының автокөлігі бар.

Сондай-ақ алғашқы алтылыққа Ұлытау облысы (42,5 пайыз), Қызылорда облысы және Абай облысы (әрқайсысы 40,1 пайыздан) енді.

Жалпы алғанда, Қазақстанның 20 өңірінің 10-ында автокөлікпен қамтылу деңгейі ел бойынша орташа көрсеткіштен жоғары болды.

Қай өңірлерде автокөлік ең аз?

Рейтингтің төменгі бөлігінде елдің үш ірі қаласы орналасқан. Жеке автокөлігі бар отбасылардың ең төмен үлесі Шымкентте тіркелді - 26,3 пайыз.

Одан кейін Алматы (27,6 пайыз) және Астана (27,7 пайыз) келеді. Сарапшылардың пікірінше, бұған қоғамдық көлік жүйесінің жақсы дамуы, сондай-ақ такси мен каршеринг қызметтерінің қолжетімділігі себеп болуы мүмкін. Соның нәтижесінде бұл қалаларда жеке көлікке деген қажеттілік төменірек.

Бір қызығы, ауылдық жерлерде автокөлік қалаларға қарағанда әлдеқайда жиі кездеседі. Қалаларда жеңіл автокөлік отбасылардың 30,6 пайызында болса, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 45 пайызға жетеді.

Ауылдық жерлер бойынша көшбасшылар:

  • Маңғыстау облысы - 73,2 пайыз;
  • Ұлытау облысы - 59,4 пайыз;
  • Жетісу облысы - 55,8 пайыз.

Қалалық тұрғындар арасында бірінші орында Жетісу облысы тұр. Мұнда үй шаруашылықтарының 56,6 пайызында автокөлік бар. Одан кейін:

  • Маңғыстау облысы - 49,1 пайыз;
  • Ұлытау облысы - 39,1 пайыз.

Сонымен қатар зерттеу тек отбасында жеңіл автокөліктің бар-жоғын ғана көрсететінін атап өткен жөн. Онда көліктердің жасы, техникалық жағдайы, экологиялық класы, пайдалану қарқындылығы және жол инфрақұрылымының сапасы ескерілмеген.

Зерттеу деректері шамамен 12 мың үй шаруашылығын қамтыған іріктемелі сауалнамаға негізделген және оның нәтижелері бүкіл ел бойынша таратылған.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!