Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің орташа жалақысы белгілі болды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мүксімовтің сөзінше, ағымдағы бағалау қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметтегі орташа жалақы шамамен 440 мың теңгені құрайды. Бүгінде мемлекеттік қызмет жүйесінде 83 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Сондай-ақ ол заңнамада бекітілген мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын индекстеу тетігі туралы айтып берді.
"Индекстеу ережелері мен тетіктері қолданыстағы заңда бар және жұмыс істеп тұр. Алайда қабылданып жатқан заң арқылы мұндай индекстеу енді императивті, яғни міндетті сипатқа ие болады", - деді Мүксімов.
Оның сөзінше, индекстеу мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттырудың маңызды құралы ретінде қарастырылады.
"Бұл еңбекақыны толықтырудың, қызметкерлерді ынталандырудың, сондай-ақ кадрларды мемлекеттік қызметте тұрақтандырудың маңызды тетігі. Қаңтардан бастап басқарушы емес лауазымдардағы қызметкерлердің еңбекақысы 16 пайыз өсті, келесі (өсім) 3 жылдан кейін күтіледі", - деп түйіндеді ол.
Бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер жалақысы жаңа механизм бойынша берілетіні хабарланған болатын. Сенат мемлекеттік қызмет туралы заң мен оған ілеспе түзетулерді мақұлдады. Құжат қазақстандық мемлекеттік қызметшілер үшін көлденең мансаптық өсу тетігін енгізеді.
Сондай-ақ заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілер үшін есірткі және психотроптық заттарды тұтынуға міндетті медициналық куәландыру енгізіледі.
Қазақстанда есірткіге тәуелді шенеуніктер әшкереленеді