Қазақстандықтардың нақты табысы төмендеуін тоқтатты. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жұманғариннің айтуынша, өткен жылы қазақстандықтардың табысы үш тоқсан бойы төмендеп келген.
"Биыл бірінші тоқсан қорытындысы бойынша нақты табыс өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1 пайызға артты. Бұған инфляцияның тұрақты баяулауы да септігін тигізді: биылғы маусымда жылдық инфляция деңгейі 10,3 пайызға дейін төмендеді", - деді Серік Жұманғарин Үкімет отырысында.
Ол оң динамиканы әрі қарай сақтау үшін халықтың табысын арттырудың кешенді жоспары қабылданғанын, оның басты бағыттарының бірі жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарын ашу екенін еске салды.
Естеріңізге сала кетейік, үкімет Халықтың табысын арттырудың кешенді жоспарын бекітті. Құжатта жалақы, жұмыс орындары, азық-түлік бағасы, салық жеңілдіктері, әлеуметтік қолдау және қазақстандықтардың қарыз жүктемесін азайту бойынша шаралар жазылған.
Жоспардың мақсаты - жалақының нақты 10 пайызға өсуі және жыл сайын инфляциядан 2–3 пайыздық тармаққа озу. Бұл ең алдымен төмен және орташа жалақы алатын қызметкерлерге қатысты.
Мемлекеттік қолдау (субсидиялар, жеңілдетілген несиелер) алатын жұмыс берушілер қызметкерлеріне аймақтағы медианалық жалақыдан төмен емес еңбекақы төлеуге міндеттеледі. Әйтпесе, мемлекеттік қолдаудан айырылады.
Тағы оқыңыз: Жұманғарин қазақстандықтардың табысын қалай арттыру жоспарланып отырғанын айтты