Үкімет ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерін, сондай-ақ азаматтық қызметшілердің еңбекақысын көтеру мәселесін қарастырады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Үкімет ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерін, сондай-ақ азаматтық қызметшілердің еңбекақысын көтеру мәселесін қарастырады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жұманғарин халықтың нақты табысын арттыруды үкіметтің негізгі басымдықтарының бірі деп атады.
Осы мақсатта Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Сонымен қатар биыл халықтың табысын арттыру бойынша жеке бағдарлама қабылданды.
Вице-премьердің айтуынша, билік жалақыны өсіруге, сапалы жұмыс орындарын құруға, азаматтардың қарыз жүктемесін азайтуға және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған кешенді шаралар қабылдауға ниетті.
"Сондай-ақ ай сайынғы ең төменгі жалақы мөлшерін, азаматтық қызметшілердің еңбекақысын, қарсы міндеттемелерді орындау арқылы жалдамалы жұмысшылардың табысын арттыру мәселесі қаралатын болады", – деді Серік Жұманғарин үкімет отырысында.
Оның сөзінше, бағдарламада халықтың жоғары несиелік жүктемесіне және тұтынушылық несиелеудің өсуіне ерекше назар аударылған. Ол үкіметтің басты бағдары халықтың нақты табысының өсуін инфляция деңгейінен жоғары - кемінде 2–3 пайызға қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Жұманғарин бұған тұрақты экономикалық өсім және инфляцияны одан әрі төмендету есебінен қол жеткізу жоспарланғанын айтты.
Еске сала кетейік, үкімет 2026–2029 жылдарға арналған халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Құжатта жалақы, жұмыс орындары, азық-түлік бағасы, салық жеңілдіктері, әлеуметтік қолдау және қазақстандықтардың қарыз жүктемесін азайту бойынша шаралар жазылған.
Жоспардың мақсаты - жалақының нақты 10 пайызға өсуі және жыл сайын инфляциядан 2–3 пайыздық тармаққа озу. Бұл ең алдымен төмен және орташа жалақы алатын қызметкерлерге қатысты.
Субсидиялар, жеңілдетілген несиелер сияқты мемлекеттік қолдау алатын жұмыс берушілер қызметкерлеріне өңірдегі медианалық жалақыдан төмен емес ақы төлеуге міндеттеледі. Әйтпесе, мемлекеттік қолдаудан айырылады.
Тағы оқыңыз: Кезең-кезеңімен көтеріледі: министр ең төменгі жалақы туралы айтты