19 жастағы студент Ерасыл 4376 метр биіктіктегі Алматы шыңын бағындырып, нью-йорктік руферлердің танымал перформансын қайталады. Шың басында ол "Махаббат құдіреті билікке деген құштарлықты жеңгенде, әлем тыныштық табады" деген жазуы бар баннерді жайып көрсетті. Дәл осындай жазу бұған дейін Empire State Building зәулім ғимаратының шпилінде пайда болған еді, деп хабарлайды Tengri Travel.
Ерасылдың альпинизммен кәсіби түрде айналысқанына небәрі бір жылға жуық уақыт болған. Алайда ол жуырда өткен альпиниадада тек шыңға шығып қана қоймай, бірнеше күн бұрын әлемге танымал болған акцияны қайталауды ұйғарды.
"Руфтоперлердің әрекеті шабыт берді. Олардың осындай баннермен шыңға шыққанын көргенде: "Мен де шыңға, мейлі ол тау болсын, шығып жүрмін ғой" деп ойладым. Сөйтіп, менің де дәл сондай баннермен кадр жасағым келді", - деді ол.
Шыңға шығу қалай өтті?
Ерасыл басып өткен жолын минуттап баяндап берді.
Бәрі күндіз "Медеу" биік таулы мұзайдынынан басталды. Ол мұнда жалға алынған керек-жарақтарымен - шатыр, ұйықтауға арналған қап, каремат және оттықпен келген.
- 14:52 - "Медеу" биік таулы мұзайдынына жалға алынған жабдықтармен (шатыр, ұйықтау қабы, каремат, баллоны бар оттық) келді;
- 15:51 - аспалы жолмен "Шымбұлаққа" (3200 метр) көтеріліп, бірден базалық лагерьге қарай жаяу бет алды;
- 18:07 - альпинистер шатырлы қалашық құрған "Нунатак" кемпинг аймағына жетті;
- 18:44 - шатыр құрып, оттыққа су қайнатып, тез дайындалатын кеспемен кешкі асын ішті;
- 19:30 - ұйқыға жатты. Ұйымдастырушылардың жоспары бойынша техникалық маршрут 6:00-де ашылатын болғандықтан, ол ертерек шығуды көздеді;
- 22:30 - қатты суықтан оянып кетіп, қайта ұйықтай алмады;
- 01:30 - лагерьде қозғалыс басталды. Төбе шамдары жылтылдап, адамдар шыңға бет алды;
- 02:35 - жиналып, жылы киініп, түнгі маршрутқа шықты. Қар басқан беткей мен мұз үстімен жүруге тура келді. Ерасылда альпинистік "мысықтар" (мұз басқыштар) болмағандықтан, ол қатқан қарды бәтеңкесінің тұмсығымен теуіп, баспалдақ жасап отырған;
- 04:44 - Комсомол асуына жетті. Мұнда еріктілер мен құтқарушылар оған соңғы кезеңге қажетті міндетті сақтандыру жабдықтарын (каска мен белдік) берді;
- 06:23 - Алматы шыңына (4376 метр) көтерілді.
Instagram-дағы бұл жазбаны көру
Оның айтуынша, ол сол күні шыңға шыққан Альпиниаданың жетінші қатысушысы болған. Шатырлы лагерьден шыңға дейінгі жол алты сағатқа жуық уақытты алған.
Шыңға жеткен бойда Ерасыл мынадай жазуы бар баннерді жайды:
"Махаббат құдіреті билікке деген құштарлықты жеңгенде, әлем тыныштық табады".
Осыдан бірнеше күн бұрын Нью-Йорктегі Empire State Building шпилінде танымал руферлер Ангела Николау мен Иван Биркус дәл осындай баннермен шыққан болатын.
Еске сала кетейік, 1 шілдеде танымал руферлер жұбы Нью-Йорктегі Empire State Building шпиліне заңсыз көтерілген болатын. 443 метр биіктікте жігіт бойжеткенге үйлену туралы ұсыныс жасап, содан кейін жұп бейбітшілікті қолдау мақсатында "Махаббат құдіреті билікке деген құштарлықты жеңгенде, әлем тыныштық табады" деген жазуы бар баннерді жайып көрсеткен еді.
Экстремалды перформанс бұл жұп үшін тек әлемдік танымалдылық қана емес, сонымен қатар үлкен қиындықтар алып келді. Манхэттен прокуратурасы руферлерге ғимаратқа заңсыз басып кіру, мүлікке зақым келтіру және өмірге қауіп төндіру сияқты сегіз айып тақты. Жалпы алғанда, жастар 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.