Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы қаражат жымқыру ісіне байланысты жоғары оқу орнының абыройына қаншалықты нұқсан келетіні жайлы сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы қаражат жымқыру ісіне байланысты жоғары оқу орнының абыройына қаншалықты нұқсан келетіні жайлы сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қазіргі уақытта жағдай былай, университеттің басшылығы өткен жылы мекеменің экономикалық қызметінің, бухгалтерияның кейбір жұмысшыларының өз қызметтік бабын пайдалана отырып, заңсыз ақша ала бастағанын анықтады. Бүгінде тергеу жүріп жатыр, студенттермен жұмыс жасалып жатыр, бұл жағдайды шешіп жатыр. Тергеу аяқталғанда білеміз. Рейтингке келер болсақ, шын мәнінде кейбір адамдар заңбұзушылыққа барды, әрине, бұл жақсылық емес, алайда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіміз рейтингтер бағаланатын халықаралық байланыстары, ғылыми мүмкіншілігі, мұғалімдерінің мүмкіншілігі жағынан елдегі ең үздік оқу орындарының бірі болып саналады, сондықтан бұл жағдай оқу орнының абыройына айтарлықтай нұқсан келтірмеуі керек", - деді Балықбаев.
"Қазіргі уақытта заңды бұзды ма, жоқ па, тұжырым айтпаймыз, тергеу жүріп жатыр. Бірақ бұл жағдай оқу процесіне, қабылдау процесіне әсер етпейді", - деп нақтылады ол. Балықбаев тергеудің аяқталғанынан кейін белгілі бір кеңес пен шаралардың қабылданатынын айтты.
Осыған дейін ҚазҰУ есепшілеріне 120 миллион теңге жымқырды деген күдік келгені хабарланған болатын. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің өкілдері оқу орнындағы қаражат жымқыру ісіне байланысты пікір білдіріп, бұл оқиғаның 2014 жылдың соңында болғаны хабарланды. Сол кезде ҚазҰУ қауіпсіздік қызметі мен аудиторлық тексеріс студенттердің алаяқтығы дерегін және бухгалтерия мамандарымен келісу арқылы оқудың ақшасын төлеуден жалтаруы дерегін анықтады. Сонымен қатар, есепшілерді жұмысқа бұрынғы басшылықтың қабылдағаны хабарланып отыр. Баспасөз қызметінің мәліметінше, есепшілер 2008 жылдан бастап қаражаттарды жымқырумен байланысты заңға қайшы алаяқтық әрекеттер жасап келген.