28 ақпан 2017 21:04

Кейкінің батырлық қасиеттерін қолымыздың табынан ғана емес, санамыздан да өткізгендей болдық - ғалым

ПОДЕЛИТЬСЯ

Венгрия антропологиялық институтының профессоры Андраш Биро "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында Кейкі батырдың бассүйегін қалпына келтіру кезінде оның батыр адам екенін сезгенін мәлімдеді.


Венгрия антропологиялық институтының профессоры Андраш Биро "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында Кейкі батырдың бассүйегін қалпына келтіру кезінде оның батыр адам екенін сезгенін мәлімдеді.

Ол батырдың бас сүйегін антропологиялық тұрғыдан қалпына келтіру барысында қандай соны технологияға сүйенгені жайлы айтып берді.

"Бассүйектің өзіне тән қалпы, бітімі болады. Бұл қалып бойынша бұлшық еттің бедерін шығарады. Яғни, сүйек­тің сыртына қарай отырып, оны қаптаған бұлшық еттің көле­мін анық­тай аламыз. Әрине, бұған үлкен тәжірибе қажет. Бұл ретте сүйек­тің миллиметрлік өлшемдермен біртін­деп микросуреттері алынады. Осы суреттерге сәйкес, бұлшық еттің ерек­шеліктері беріледі. Сондай-ақ, заманауи технологиялардың бірі саналатын 3D форматымен компьютерлік томографиядан өткізеді. Компьютерлік өңдеуден өткенде 3D моделімен жа­сал­ған материяның бірін бассүйекке, бірін силиконға ұқсас жасаймыз. Бұл екеуі де сүйектің өзі сияқты болады. Осылайша сүйектің жасанды көшірмесін жасап алып, бет-әлпетін толық шығарады. Сондай-ақ, тағы бір әдіс - кішкентай бөліктерден құрау. Түп­теп келгенде, антропология мен медицинаның заманауи технологиясымен жасалған бұл келбет түпнұсқаға 95-99 пайыз ұқсайтын болып шығады. Міне, осы технология бойынша біз Кейкі батыр­дың келбетін қалпына келтірдік", - дейді антрополог ғалым.

Сондай-ақ, айтуынша, бес жыл бұрын институт Әбілқайыр хан­ның да антропологиялық бет-әлпе­тін жасаған. "Хан моласы" атанған Әбілқайыр ханның мазары Ақтөбе мен Торғайдың арасында орын тепкен. Бүгінде Мажарстандағы антропология­лық орталықтың озық технологиясы мен ғылымына әлемнің назары ауа бастады", - деді ғалым.

Ғалым реставрациялау кезінде оның бойындағы "батыр­лық қасиеттерін қолы­мыздың табы­нан ғана емес, санамыздан да өткіз­гендей болдық" дейді.

"Өмірде Кейкі батыр сияқты табанды адам өте сирек кездеседі. Ол қазақ халқының нағыз батыр, ержүрек перзенттерінің бірі. Оның елжандылығы қазақ халқының басына қиындық түскен күрделі кезеңмен өрілді. Сондықтан, Кейкі­дей қаһарман ұлдардың күрес­ке толы өмірінен алатын өнеге аз емес. Ұлтқа қауіп төнген қатерлі шақта ол осы сыннан өтуді ғана емес, елдің еңсесін түсірмеуді, қазақ­­тың мүддесін қорғауды, намы­сын бермеуді, рухын биік ұстау­ды мақсат етті. Бүгінде мұндай жау­­­жүрек жігіттер аз. Біз реставра­ция жұмыс­тары барысында Кейкі батырдың бойын­дағы батыр­лық қасиеттерін қолы­мыздың табы­нан ғана емес, санамыздан да өткіз­гендей болдық. Ол шын мәнінде нағыз батыр тұлғалы адам болған. Міне, осы қайта қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесі арқылы халықтың жігерін жанитын үлкен ескерткіш мүсінді сомдауға әбден болады деп ойлаймын", - деді Андраш Жолт Биро.

Мұнымен қатар, ғалым сұхбатында қазақтар мен мажарлардың туыс­тық қарым-қа­ты­насы жайлы зерт­­теп келе жатқанын және екі халықты қандай ортақ дүние байланыстыратынын айтып өтті. 

"Біріншіден, Қазақстан өте үлкен аумақта орналасқан. Қазақ халқы түрлі тайпадан, рудан құралады. Сондықтан, ерте уақытта бұл аумақта этникалық оқиғалар көп болды, көптеген ұлыстар мекен етіп, бір-біріне құрамдас ретінде орнықты. Мадиярлар оңтүстік Оралға жақын маңда көшіп-қонып жүрді. Жал­пы, халықтардың этногенезіндегі тілдік айыр­машылықтарды қалпына келтіру өте қиынға түскен болар еді. Өйткені, тіл алмасады, өзгереді. Көшпенділер тілі де осы күйді өткеріп, заманға сай дамыды. Алайда, біз тарихқа генетика мен антропологиялық дәлелдер арқылы терең бойлай аламыз. Этногенез ілімі ғасырларды аттап өтеді. Венгрияның орталық антропологиялық институтында 600-ден астам бас сүйек IX ғасырға, яғни көшпенді мадияр­лар Кавказға келіп, алғашқы қаға­наттықтарын құрған кезең­ге тиесілі. Бұл сүйектер Ор­талық Азиядан табылған сүйек­терге жақын. IX ғасырдағы мадиярлардың антропологиялық мінездемесі кейіннен біртұтас қазақ ұлтын құраған сол кездегі түрлі ұлыстарға өте ұқсас болып келеді. Арал мен Балқаш теңіздері арасында және Алтайға дейінгі аралықта көшіп-қонып жүрген халықтың түр-сипаты мен болмысына осыдан мың жылдан астам уақыт бұрынғы мадиярлар қатты ұқсайды. Бұл олардың ортақ тарихы мен этногенезі болғанын көрсетеді. Сондай-ақ, хромосомалық талдауларға қарасақ та, генетикалық еңбек­терге көңіл аударсақ та қазіргі мадияр жерінде ортаазиялық тұр­ғындарға тән көптеген мұралар сақталып қалған. Қазақ халқы да осыдан 1500-2000 жыл бұрын қазіргі әлпетінен сәл басқашалау болған", - деген ол осыдан 1 мыңдай жыл бұрын қазақ жеріне солтүс­тіктен моңғол тектес көптеген халықтар келгенін және ертедегі қазақтар мен мадиярларда аса алшақтық болмағанын айтып отыр.

Кейіннен, айтуынша, мадиярлар батысқа кетті де, еуропалық нәсілмен көрші тұрып, сондағы мәдениетпен алмасқан. Десе де, мадиярлар өздерінің бағзыдағы келбетін сақтап қалыпты.

"Ал қазақтар сібір мен солтүстік-шығыстан келген халықтармен араласып кеткендіктен, қазіргі түрі басқашалау реңге ие болған. Дегенмен, қазақтардың әр өңірге тән ерекшеліктері бар екенін де ұмытпауымыз керек. Қазақтар өте қуатты мәдениетке ие ел, тіпті, байтақ территориясына қара­мастан, диалектілер мүлде жоқ деуге болады. Сондықтан үлкен халық ретінде ру-тай­паларының бір-бірінен ге­нети­калық, ан­тропологиялық ерек­ше­лі­к­тері болғанымен, жалпы алғанда, бір­тұ­тас ел екені көрініп тұрады. Ал ру-тай­па ше­жі­ресін білетін, ана тіліне же­тік адам қазақы қал­пын сақтайтыны да осы елдің ерекшелігі бол­са керек. Орта­лық Азиядағы көптеген ха­лықтар түр­лі жағ­даймен Батысқа жылжыд­ы. Олар­дың ара­сында мадиярлар да бар. Ата-ба­ба­ла­ры­мыз бір-біріне өте жақын болды. Біз бір­ге, көрші тұрдық. Сондықтан, мә­де­ниетімізде ғана емес, генетикалық тұр­ғы­дан туысқандығымыз да ұқсас. Бұрынғы тарихымыз оны берік байланыстыратын", - дейді ол.

Айта кетейік, бір ай бұрын бассүйек қазақстандық деле­га­цияға табыс етілген еді. Сол кезде Кейкі батыр­дың бассүйегі мен бет-әлпетінің антро­пологиялық қорытындысын Қазақ­стан­ның орта­лық мемлекеттік музейі­нің басшысы Нұрсан Әлімбай мырза қабылдап алған болатын. Бұл бассүйектің Ресей­ден Қазақ­станға жеткізілгені, одан рес­та­в­рация жасау үшін Вен­грияға жіберілгені белгілі. Кейкі батырдың бассүйегі биыл қыркүйек айында жер қойнына тапсырылады.

Кейкі батыр жайлы не білеміз?

 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети